Павлодар облысында басы дауға қалған шенеуніктердің ісі қаралды

Опубликовано:

Коллаж
Фото: gov.kz

Бүгін Әдеп жөніндегі кеңесте Павлодар облысының үш шенеунігінен тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу мәселесі көтерілді. Тізімде Екібастұз әкімінің орынбасары, Баянауыл ауданының мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармасының басшысы және Құндыкөл ауылдық округінің әкімі бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Павлодар облысында қар жауғанын видеоға түсірген әйелдің кешірім сұраған видеосы тарады.

Көп ұзамай Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Егіндібұлақ ауылының тұрғынынан кешірім сұрады.

Кейінірек Құндыкөл ауылдық округінің әкіміне қатысты Әдеп жөніндегі кеңес өтті. Жиында шенеунік әйелдің кешірім сұраған видеосын әлеуметтік желіде таратпағанын айтты. Ол бейнежазбаны Баянауыл ауданының басшысы үшін түсіргенін мойындады.

Осылайша, әкім әңгіме барысында әйелдің видеоны туыстарына жібергенін, кейіннен ол желіде тарап кеткенін анықтаған. Екі метрлік омбы қар болмаған соң тұрғыннан жағдайды әсірелемеуді сұраған. Артынша оның сөзін қоғам талқысы үшін емес, Баянауыл ауданының басшысына көрсету үшін камераға түсірген.

"Ақпаратты аудан әкіміне WhatsApp топқа жібердім, болды. Әлеуметтік желіге мен жүктеген жоқпын. Кейін бұл ақпаратты аудан әкімінің өзі жібергенін анықтадым. Барлық скриншотты ұсындым",- деп түсіндірген еді Құндыкөл ауылдық округының әкімі Самат Ибраев.

Осыдан кейін елдімекен басшысына сөгіс берілді.

"Мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану ережелерінің талаптарына сәйкес тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастауды оны қолданған уәкілетті тұлға Әдеп жөніндегі Кеңестің келісімі бойынша жүргізеді", - деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Баянауыл аудандық мәдениет бөлімінің басшысына қатысты да тәртіптік жазаны алып тастау сұралды. Оның қатысуымен де видео желіде тарап, көптің талқысына түскен еді. Бұл үшін ведомство басшысы қатаң сөгіс алды.

Сондай-ақ, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Қадырбаеваның ісі қаралды.

Тамыз айының соңында ол қызметкерлерге дөрекі қарым-қатынас жасаған болатын.

Бүгінгі Әдеп жөніндегі Кеңестің қорытындысы бойынша үшеуіне тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946190-pavlodar-oblysynda-basy-dauga-qalgan-seneunikterdin-isi-qaraldy/