Мәулен Әшімбаев маңғыстаулықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды
Жарияланған күні:
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Сапар барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға және мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне қатысты.
Маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтаған Сенат Спикері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз қол жеткізген маңызды жетістіктерге тоқталып өтті.
«Елбасының бастамасымен біз Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Кеңес Одағынан мұра болып қалған ядролық арсеналдан азат болдық. Бұл біздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік ұстанымдарына берік екенімізді көрсетіп, әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімін күшейте түсті. Қазақстан халықаралық бастамаларды іске асыруға белсенді қатысып, беделді ұйымдарға төрағалық етті», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға назар аударды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары аясында өңірлерді дамыту және аймақтардағы мәселелерді шешу негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
«Маңғыстау өңірі үшін өзекті мәселелердің бірі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екені белгілі. Президентіміз 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдарда ауыз су мәселесін шешуді тапсырды. Соған байланысты бекітілген арнайы Ұлттық жоба аясында бұл бағытта Маңғыстау облысында да айтарлықтай жұмыс атқарылады», – деді Сенат Төрағасы.
Салтанатты іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының атынан еліміздің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан маңғыстаулықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946207-maulen-asimbaev-mangystaulyqtarga-memlekettik-nagradalardy-tapsyrdy/