Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте тергеу кезінде көз жұмған жігіттің досы тың деректерді айтты

Опубликовано:

Тәртіп сақшысы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкентте полиция департаментіне өз аяғымен кірген күдіктінің мәйіті шықты. Жақындарының айтуынша, марқұм Қостанайдан досымен бірге Шымкентке қалыңдығын әкетуге келген екен. Дәмханада түстеніп отырған екеуді арнайы жасақ қолына кісен салып алып кеткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алайда полиция ғимаратынан 31 жастағы азамат тірі шықпаған. Қостанайдан тез арада жеткен әкесі мәйітханада жатқан ұлымның денесінің сау-тамтығы қалмағанын жеткізді.

Ал полиция департаменті таратқан ақпаратта қалыңдық туралы сөз болмаған.

Телеарна дерегінше, марқұм досымен бірге Қостанайдан Шымкентке бес күн бұрын келіпті.

Қалыңдығын үйіне апару үшін келген жігіті жанындағы досымен дәмханада отырған жерінен арнайы жасақ қолын қайырып әкеткен.

"Көлікке отырғызғаннан бастап басымызға қапшық кигізіп ұра бастады", - дейді марқұмның досы.

"Департаментке жеткізгенде тепкі үдей түсті", - деп отыр денесі мен басынан жарақат алған марқұмның досы.

Ол соңғы рет досын көргенде тәртіп сақшылары соққының астына алып жатқанын жасырмады.

"Мен досымды соңғы мәрте көргенде полицейлер ұрып жатқан. Одан соң екеуімізді бөлек әкетті. Менің қолымды кісендеп, жерге жатқызып басымнан тепті. Бір мәрте басыма кигізген қапшықты шешіп, түрін жаттап үлгердім. Олар 3-4 жедел уәкіл мен тағы арнайы жасақтың жігіттері. "Сендер көлік ұрладыңдар, сондықтан мойындаңдар, көрші кабинеттегі досың мойындауға шақ қалды" деп күштеді. "Өз еркіңмен қол қоймасаң, денсаулығыңнан айрыласың" - деп қорқытты", - деді марқұмның досы.

Бірақ жедел уәкілдермен кіргізілген екінші күдікті кабинеттен тірі шыққан жоқ. Тергеу кезінде жағдайы күрт нашарлаған 31 жастағы азамат жедел жәрдем келгенше көз жұмған.

"Маңдайы, құлағы, ернінің іші жыртылған. Асты да, үсті де, мойны қарайып кеткен. Аяғының ортасы, шаты, сосын қолын кәдімгі темірмен ұрған секілді, қанталаған емес, терісі жыртылған. Аяғының да", - деді марқұмның әкесі..

Ол ұлын тәртіп сақшылары ұрды деп отыр.

"Енді оны басқа адам ұрмайды, сап-сау бала ғой. Сағат 12-де ұстаған. Сағат 4-5-ке дейін ұстаған. Соның ішінен өліп шыққан ғой", - деді марқұмның әкесі. Ал марқұмның адвокаты да полицейлер өрескел заңбұзушылыққа барды деп санайды.

"Үш сағаттан астам заңсыз ұстапты. Неге бұл уақытта адвокат бермеген? Одан соң жедел уәкілдер неге тергеушіге дейін жеткізбеген? Тергеу мен заңды шешім қабылдау тергеушінің құзырында емес пе? Қылмыс жасаған күннің өзінде неге арнайы жасақпен ұстайды? Бұлар қылмыстық топтың мүшесі емес қой. Неге заң бойынша шақырту қағазын жібермеген?", - деді заң маманы.

Бұл жағдайға қатысты полиция департаменті басшысы пікір білдірді.

Генералдың сөзінше, адвокат шақыртылған екен. Ал марқұм серігімен бірнеше көлік ұрлау дерегі бойынша күдікті ретінде өтіпті. Тіпті бұлтартпас дәлелдері де бар екен. Ал тергеу кабинетінде "камералар бар" деген ол мән-жай тек сараптама қорытындысынан кейін ашылады деп отыр.

"Дәлізде орнатылған, кабинетте бар. Кабинетте сөйлескен, сол жерде жігіттерге "мазам болмай жатыр" деген. Кешіріңіздер, біз дәрігер емеспіз. Әркімде әртүрлі жағдай болады. Енді сараптама шешімін күтейік", - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов.

Қазір бұл іспен қалалық прокуратура мен министрліктің өзіндік қауіпсіздігінен келген лауазымды шенділер айналысып жатыр. "Шымкенттің сот-сараптамасына сенбейміз" деген марқұмның жақындары тәуелсіз сараптаманың көмегіне жүгінбекші.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Айта кетейік, кеше бұл жағдайға қатысты Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пікір білдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946298-symkentte-tergeu-kezinde-koz-zumgan-zigittin-dosy-tyn-derekterdi-aitty/

pixel