Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында интернет алаяқтарға алданатындар көбейген

Опубликовано:

Конференция
Фото: gov.kz

Бүгінде қоғамда алаяқтық қылмыстар артқан. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп, адамдарды сан соқтырып, оңай олжаны иеленетіндер саны күн сайын көбейуде. Қаржылық пирамиданы құру, ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау дерегі азаймай тұр.

Қызылорда облысында осы жылдың 11 айында алаяқтықтың 642 дерегі тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға өсім алса, бұл қылмыстың 342 дерегін немесе 52,0 пайызын интернет-алаяқтары құраған.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхат Мұхтарұлы мәлімдеді.

Интернет-алаяқтары бойынша тіркелген қылмыстардың 49 дерегі немесе 14,3 пайызы шет елдің, яғни Ресей, Украина мемлекеттерінің азаматтарымен жасалғаны анықталған. Осы қылмыс түрінің 15-і сотқа жолданса, 18-і бойынша тергеп-тексерулер тоқтатылған, қалған істердің мерзімі үзілген.

«Қ. есімді адам ғаламтордағы WhatsApp мессенджерінен Wall Street, «Вклад чат Ергазы» және Inspider атауларымен чаттар ашып, жалған ақпарат таратқан. Қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу жөнiндегi қызметті ұйымдастырып, қаржылық пирамиданы құрған. 16 адамға 4 563 800 теңгеге мүліктік залал келтіргені анықталды. Қылмыстық іс-материалы сотта қаралуда. Бұдан бөлек, алаяқтар OLX, Kolesa.kz және т.б. сайттарды пайдаланып, жалған сатылымдар ұйымдастырған. Онда тұрғын үйдің, қымбат көліктердің және т.б. бағалы заттардың суреттерін қойып, арзан бағасын көрсеткен. Оған қызығушылық танытқан және бағасына келіскен азаматтарға 10 пайыздық немесе белгілі бір мөлшердегі ақша-қаражаттарын аудартып алып, ізін жасырып, алдап соғуда», - деді А.Мұхтарұлы.

Жалпы, облыс көлемінде 24 интернет алаяқтық қылмысы ашылып, 9 қылмыстық іс кезекші тәулікте ашылған.Сонымен қатар, брифингке тергеу, анықтау және криминалист мамандарының арасында ұйымдастырылған республикалық сайыста «Үздік анықтаушы» атанған Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Бақытжан Абжаловта қатысты.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының кадрлық əлеуеті даярлығын көтеру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған бұл сайыс қараша айының 16-19 күндері аралығында ҚР ІІМ-нің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының базасында өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946327-qyzylorda-oblysynda-internet-alayaqtarga-aldanatyndar-kobeigen/

pixel