Несие рақымшылығы: Полиция жалған ақпарат таратқандарды іздеп жатыр

Опубликовано:

Полиция
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы қаласының полициясы әлеуметтік желі арқылы несиелік рақымшылық жасалатыны туралы жалған ақпарат таратқандарды іздеп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілеме жасап.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматы қалалық полиция департаментіне тұрғындар арасында несие бойынша рақымшылық жасау және несиені есептен шығару туралы жалған ақпарат тарағаны жөнінде арыз түсірген.

"Қазіргі уақытта қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы жалған ақпарат тарату бойынша, Қылмыстық кодекстің 274-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Кінәлілер жасаған іс-әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартылады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері азаматтарды жалған хабарламаларға сенбеуге және тек ресми ақпаратты басшылыққа алуға шақырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда несиелік рақымшылық жасауды сұраған жұрт Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратының алдына жиналған еді.

Кейінірек, Ұлттық банк желіде тарап жатқан несиелік рақымшылық туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946380-qylmystyq-zauapqa-tartylady-policiya-nesie-raqymsylygyna-qatysty-zalgan-aqparat-taratqandardy-izdep-zatyr/

jitsu gif