Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Полиция ғимаратындағы кісі өлімі: Шымкентте полицейлер қызметінен босатылды

Опубликовано:

қылмыстық іс
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкентте полиция ғимаратында жауап алу кезінде көз жұмған қостанайлық жігіттің өліміне байланысты полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, бірнеше полицей жұмыстан босатылған. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов Facebook парақшасында хабарлады.

Жұмаханбетовтің мәліметінше, осы жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында автокөлік құралдарын ұрлады деген күдікпен бұрын мүліктік қылмыс пен қарақшылық үшін сотталған Қостанай облысының екі тұрғыны ұсталған.

"Ұсталғандардың автокөлігінен көліктерді ашуға арналған техникалық құралдар, радиостанциялар, маңдай шамдар мен қолғаптар табылып, тәркіленген. Ұстау және жеткізу кезінде полиция қызметкерлері күш қолданған. Олардың біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтаған", - дейді ол.

Жұмаханбетовтің айтуынша, қазір полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған, объективтілік мақсатында тергеуді Арнайы прокурорлар департаменті жүргізуде.

"Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеу мен ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды. Олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады", - дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы.

Төтенше оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласына ІІМ-нен министрдің орынбасары бастаған комиссия келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946501-policiya-gimaratyndagy-kisi-olimi-symkentte-policeiler-qyzmetinen-bosatyldy/

pixel