"Көріпкел екеніне сендірген": Қарағанды тұрғыны алаяққа 12 млн теңгеге алданғанына шағымданды

Опубликовано:

Көріпкел
Көрнекі фото: almaty.tv

Қарағандылық келіншек 12 млн теңгесін өзін "көріпкел" ретінде таныстырған адамға санап берген. Магиялық рәсімдердің нәтижесі жоқтығына көзі жеткен ол ақыры полицияға жүгінген, деп хабарлайды Polisia.kz.

7 желтоқсан күні құқыққорғаушыларға 41 жастағы қарағандылық әйел жүгінген. Ол әлеуметтік желіде тегін көріпкелдің қызметіне қызыққанын айтады. Келіншек хабарландыруды әйел жазғанына сенімді болған. Нәтижесінде қала тұрғыны бірнеше қабылдау үшін белгісіз біреуге 12 млн 266 мың теңге аударып жіберген.

Бұл ақша шамдар мен рәсімге керек құрал-жабдықтар алуға қажет болған екен. Алайда тапсырыс орындалмапты. Алаяқ құрбаны болғанын түсінген қарағандылық әйел ақыры полицяға жүгінген.

10 желтоқсан күні тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Ол 23 жастағы жігіт болып шықты. Азамат өз кінәсін мойындады. Заттай айғақтар тәркіленді.

Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ұсталған азаматтың басқа да ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946663-qaragandylyq-aru-12-mln-tenge-bergen-koripkel-erkek-bolyp-syqty/