Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жабайы аң не біреудің иті талады": Өскеменде көз жұмған қыздың анасы мән-жайды айтты

Опубликовано:

Қыз
Фото: Yk-news.kz

Өткен аптада Өскеменде алты жасар қыз жантүршігерлік жағдайда көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, оған көшеде қаңғыған иттер шабуыл жасаған. Марқұмның анасы оқиғаның мән-жайын Yk-news.kz басылымына баяндап берді.

Таланған қыздың денесі 17 желтоқсан күні өз үйінің маңынан табылды. Жергілікті БАҚ өкілдері қызға қаңғыған иттер шабуыл жасағанын жазды. Тәртіп сақшылары қыздың өлімін растап, қылмыстық іс қозғады. Полиция басқа ақпарат ұсынған жоқ.

Ал анасы қызына жабайы аң шабуыл жасаған болуы мүмкін дейді.

"Сол күні Маша далаға ойнауға шықты. Мен оған үйден алыс кетпеуін, келген соң үйде тәтті пісіретінімізді айттым. 18 желтоқсан оның туған күні еді. Бірнеше минуттан кейін ол қолғабын алуға кірді де, қайта шығып кетті. Мен үй жинап, кішкентай баламды ұйықтатып жаттым. Терезеден қарағанда Маша біздің итіміз Шерханмен ойнап жүрген. Кейін мен далаға кілем қағуға шығып, Машаны шақырдым.

Осы кезде балам оянып кетті. Оны тербетіп жатып далаға қарасам, Маша иттің қасында жатыр. Жалаң аяқ жүгіріп шықтым. Ол тайып, басымен құлап, есінен танып қалды ма деген ой келді. Ал барсам...",- деп еске алады Дарья Орлова.

Анасының сөзінше, қызының киімі жыртылып, қанға боялған. Оның аяғы тізесіне дейін жоқ болған.

"Мен оны ұстап, "Маша!" деп айғайладым. Оның денесі жылы еді. Қалайша? Мен оның айғайын да, иттің үргенін де естімедім ғой. 40-қа жуық полицей жүрді. Олар барлық ізді қарағанымен, қызымның аяғын таба алмады. 18 желтоқсан күні иттер аяқты сүйреген болуы керек, қан іздері қалыпты. Мен іздерді қарап, бірнеше сүйек таптым. Сосын Шерханға Машаның шұлығын иіскеттім. Ол мені жол жиегіне, қызымның аяғы жатқан жерге алып келді",- деді Дарья.

Келіншектің көршілері де қыздың айғайын естімегенін айтады. Дарья бастапқыда құқыққорғау органдары Шерханнан күмәнданды дейді.

"Біздің екі итіміз бар. Біреуі - неміс овчаркасы Саманта. Ол шынжырда байлаулы. Ал Шерхан кәрі, өте әлсіз. Ол балаларға ешқашан агрессия көрсеткен емес",- дейді қыздың анасы.

Марқұмның анасы тұрғын үй массивінде иттер көп жүретінін, үй иелері оларды босатып жіберетінін айтты. Ол қызына жабайы аң шабуыл жасаған болуы мүмкін деген нұсқаны да теріске шығарған жоқ.

"Менің ойымша, қызымды біреудің иті немесе жабайы аң талады. Бізде алабай ұстап, оны иттердің жекпе-жегіне жіберетіндер бар. Ал жекпе-жекке жібермес бұрын оларды бірнеше күн аш ұстайды. Ал мұндай ит бостандыққа шықса, одан не күтуге болады? Мүмкін, қаңғыған иттер немесе қасқыр шығар. Жақында ауыл тұрғындары қараңғыда қасқыр көргенін айтқан",- дейді Дарья.

Басылым жазуынша, Орловтардың үйі саяжай массивінің маңында орнаасқан. Ауланың артқы жағында қақпа жоқ.

"Бізге әлі сараптама қорытындысын бермеді. Әлеуметтік желіде ақпарат таратпағанда баламызды кеше көміп тастар едік. Біздің итімізді де өлтірмек болды, рұқсат бермедік",- деді келіншек.

Басылым Машаның анасы Қылмыстық кодекстің 119-бабына сәйкес (Қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947441-zabaiy-an-ne-bireudin-iti-talady-oskemende-koz-zumgan-qyzdyn-anasy-man-zaidy-aitty/

pixel