Қостанай облысында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін украин азаматы жайлы не білеміз

Опубликовано:

Дмитрий Ромащенко11
Дмитрий Ромащенко. Видеодан кадр: Хабар 24 арнасы

Қостанайда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұлты украин Дмитрий Ромащенко есімді азамат тұрады. Дмитрий ұлы ақын Абайдың шығармаларын да сүйіп оқиды, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Дмитрий Ромащенко Ресеймен іргелес Федоров ауданының тумасы.

Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ мемлекеттік тілді үйренуді - басты парыз деп санаған. Бұл ретте қолдау білдірген ұстаздарының көмегі көп тиген. Тілдік орта болмаса да, қазақша бір кісідей сөйлейтін деңгейге жеткен.

Бүгінде Дмитрий алты жылдан бері орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен сабақ береді.

"Өзім орыс мектепте оқимын. Бірақ Дмитрий Сергеевичтің сабағы маған қызықты және қазақ тілін жетік білемін", - дейді оның оқушысы Алтынай Дөненбаева.

Дмитрийдің тіл үйренудегі басты әдістемесі - сөздерді жаттау. Жаңа сөздермен күнделікті жұмыс істейді.

Айтуынша, тіл үйрену оңай емес, үйрету де оңай емес. Ол үлкен уақытты талап етеді. Оған қоса, адамның жеке қалауын және ықыласын талап ететін үдеріс.

Дмитрий болашақта ұстаздықпен қатар педагогика және психология мамандығының магистранты атануды мақсат етіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947553-qostanai-oblysynda-qazaq-tili-men-adebietinen-sabaq-beretin-ukrain-azamaty-zaily-ne-bilemiz/