Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақ жаулықтан кешірім сұрадым": Шымкенттік келіншек өзін еріксіз алып қашқан жігітті айламен жеңіп шықты

Жарияланған күні:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: qazaq toi

Шымкенттік Майра есімді келіншекті өзі бір-ақ рет көрген сыныптасының досы алып қашқан. Алайда, ол өзінің сүймеген адамына тұрмысқа шығудан бас тартып, алып қашқан жігіттің жағын айламен жеңіп шықты деп жазады Ernur.kz.

Майраны осыдан екі жыл бұрын бір ғана рет көрген жергілікті жігіт еріксіз алып қашқан көрінеді. Өзінің сүйіктісі бар екенін айтқанына қарамай, жаулық салса да екі жыл бойы кездесіп жүрген жігітіне тұрмысқа шыққан.

"Бұл үшін мені біраз адам жазғырар, бірақ мен қазір бақыттымын және солай жасағаныма ешқашан өкінбеймін. Өйткені, мен өз өмірімді өзім қолға алмасам, салт-дәстүр, ата жолы, "біз де солай келгенбіз" деген сияқты жаттанды сөздер менің бүткіл ғұмырымды тас-талқан ететінін сездім. Колледж бітіріп, жұмысқа енді тұрған кезім еді.

Сыныптасымның досын бір рет қана көргенмін, оған емеурін танытпақ түгілі қол берім амандасқан да емеспін. Себебі, мектеп бітіргелі кездесіп жүрген өзімнің сүйіктім бар және әлемде мен үшін одан басқа жігіт жоқ болатын. Сыныптасым да өзіммен бірге бала күннен өскен, ағамдай болып кеткен көршім. Оның үстіне екеуміз бір қалада оқыдық та, жиі кездесіп тұратынбыз. Жігітімді де жақсы таниды, ол да таныс. Бірақ маған сатқындық жасайды деп ойламағанмын", - дейді ол.

Майраны кітапханадан шыққан соң сыныптасы мен оның досы алып қашқан. Бірақ ол амалын тауып, өз бақыты үшін күресіп, алып қашқан тараптың батасын алып үлгереді.

"Көлік зулаған бойы 45 минуттай жүріп бір ауылға келіп кірді. Қараңғы түсіп келе жатқан уақыт, алдымыздан абыр-сабыр әйелдер шығып жатты. Белгілі емес пе, мені шыңғыртқан күйі екі жігіт жабыла көтеріп үйге алып кірді. Бетіме су сеуіп, басу айтып орамал жапқалы жатыр. Таңға дейін алыстым. Абырой болғанда көліктен түспес бұрын телефонымды жасырып үлгердім. "Телефонын алып қойыңдар, сөмкесі қайда?" деп пысық әйелдер қалтамды тінтіп, сөмкемді алып қойды.

Таңға дейін қасымнан бір елі кетпей, қоршап алып неше түрлі сөз айтылып жатты. Қулыққа басуыма тура келді. Көнген рай таныттым. Іштей ақ жаулықтан кешірім сұрап, басыма орамал салдырттым. Әйтпесе мені оңаша қалдыратын түрлері жоқ. Әке-шешеме "өзім келдім" деген өтірік тілхат та жазып бердім. Олар қайта барсам сыртқа теппейтініне сендім. Менімен алыса беріп шаршаған болар, бір уақытта шымылдықта оңаша қалдырып тым-тырыс бола қалды. Сол уақытта қуаты өшкелі тұрған телефоныммен жігітіме қай жерде екенімді және тез арада келіп алып кетуін сұрап жаздайды айтып жазып жібердім.

Оның келетініне және қандай да бір шешімін табатынына көзім жететін. Расында сағат 11-лер шамасында жігітім екі ағамды, басқа да достарын ертіп 4 бірдей көлікпен келді. Барып ағама жолығып жағдайды түсіндіріпті, менің өтірік тілхат жазғанымды айтқан хабарламамды көрсетіпті. Ол кезде үйге хабаршы келіп-кеткен, олар әрі-сәрі күйде болса керек. Қуғыншы жіберуге дайындалып жатқан екен. Жігітім барған соң бірден шығып кетіпті. 4 көліктен топырлап өңкей жігіттер түскенде ауыл болып үркіп қалды.

Мені алмақ болған жігіттің қора жақта жүргенін көзім шалып қалды терезеден. Ешқандай ұрыс-төбелес орын алған жоқ. Екі ағамның алдынан шыққан үлкендер "қарындасыммен сөйлесемін" дегенде жол беріп, бөлмеге кіргізді. Сол уақытта басымдағы жаулықты алдым да, бірге кірген жігіттің анасының қолына беріп кешірім сұрадым. "Мен қалап келген жоқпын. Балаңызға, мені әкелген жігіттерге өкпелеңіз. Бірақ мені сөкпеңіз. Қызыңыздың мендей күйге түспегенін қалаймын. Қате айтпаңыз, қарғамаңыз. Мен ешқандай жамандық жасағаным жоқ. Балаңыздың бақытты болғанын және үбірлі-шүбірлі болғанын тілеймін!" дедім де, ағаларыма еріп үйден шығып кеттім", - дейді ол.

Майра кетерінде жігіттің әкесінен де батасын алған. Содан соң өзін алып кетуге келген сүйіктісімен бірге кетіп, тұрмыс құрған. Бүгінде екі жас бір жасар сәбидің ата-анасы атанып үлгерді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947834-aq-zaulyqtan-kesirim-suradym-symkenttik-kelinsek-ozin-eriksiz-alyp-qasqan-zigitti-ailamen-zenip-syqty/