Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халық несие алар кезде еш ойланбайды": Жеке сот орындаушысы түрлі кикілжіңнің неден басталатынын айтты

Опубликовано:

Қайрат Бейсембаев
Қайрат Бейсембаев: жеке мұрағат

Қайрат Бейсембаев – бірнеше жылдық еңбек өтілі бар жеке сот орындаушысы. Ол халық арасында жеке сот орындаушыларына деген сенімсіздіктің жоғарылау себебін түсіндіріп, "Ақбұлақта" бес адамның өмірін қиған қанды оқиғаға қатысты өз ойын айтты. Маманның пікірінше, халықтың заңды тұрғыда сауатсыз болуы мен бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайды бұрмалап көрсетуі көптеген кикілжіңнің туындауына себеп болып отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Қайрат Бейсембаев Алматы облысындағы Жамбыл және Қарасай аудандарында аға сот орындаушысы қызметін атқарып жүр. Ол көптеген әріптестері секілді "Ақбұлақта" болған оқиғадан соң өз өміріне алаңдай бастаған. Қайраттың айтуынша, тұрғындардың заңды дұрыс білмеуі салдарынан жеке сот орындаушыларымен арада түсініспеушілік көп кездеседі.

"Иә, сот орындаушылары туралы жағымсыз пікір көп. Бұған бірінші кезекте халықтың заңнан бейхабар болуы себеп деп айта аламын. Мәселен, біз есепшотты бұғаттап, мүлікті тәркілеуге барамыз. Ал мүліктің иесі мүлде басқаша ойлайды. Ол мүлікті жеке сот орындаушылары алып, арзан бағаға сатып, ақшаны өзіне алып қалады деп түсінеді. Бұл әсте олай емес. Біз тек қана соттың шешімін орындаймыз.

Тәркіленген заттардың бәрі электронды сауда алаңында сатылады. Мәселен, бір көлік тәркіленді. Оның бағасы 5 миллионға дейін көтерілді делік. Кейін сатып алушы табылмаса, көліктің бағасы 48 пайызға дейін түседі. Біз өзімізге тиесілі пайызды аламыз да, қалғанын өндіріп алушыға жібереміз. Бар болғаны сол ғана.

Өкініштісі сол, тұрғындар заңды толық білмей, айналасынан, таныстарынан жеңіл-желпі ақпарат алады да, соған сенеді. Егер осы заңды интернеттен тауып оқитын болсаңыз, бар-жоғы он минут уақытыңыз кетеді. Есесіне, құқығыңызды да, заңды да біліп жүресіз", - дейді Бейсембаев.

Қайрат Бақытұлы Алматының "Ақбұлақ" ықшамауданында сот орындаушысының қатысуымен болған қайғылы оқиғаға қатысты өз пікірін айтты.

"Мен сол жерде марқұм болған жеке сот орындаушысын бұрыннан танушы едім. Ол қақ-соқпен ісі жоқ, жақсы жігіт болатын. Үйдің иесімен арадағы жағдай бір жылға созылған екен. Яғни, жеке сот орындаушысы тәркіленген үйден адамдарды шығару үшін 12 ай жұмсаған. Ал заң бойынша іс екі айдың ішінде бітуі керек. Кейде 4-5 күннің ішінде шешіліп жатады. Үй иесінің бір жыл бойы сот шешімін орындамағанына қарап-ақ, мән-жайды түсіне берсеңіз болады.

Меніңше, бес адамды жайратып тастаған адамның психикалық ауытқушылығы бар сияқты. Оны мамандардың еншісіне қалдырдым. Бір анығы – бұл оқиға бізді дүр сілкінтті. Біз де адам баласымыз. Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар. Біз де өмірімізге алаңдаймыз. Мұндай оқиға кез-келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сондықтан, жеке сот орындаушыларына басқа да мемлекеттік органдар көмектескені дұрыс. Өйткені, біз де күніне даулы істердің басы-қасында жүреміз.

Түсінемін, үйінен, дүние-мүлкінен айырылу адамдарға оңай емес. Бірақ заңды орындаса, заңды жақсы білсе, бұл күйге түспеуші еді. Қайталап айтамын, халық заң тұрғысынан сауатын арттыру қажет. Осы оқиғадан соң республикалық жеке сот орындаушылары палатасының жетекшісі Ернар Ибраевтың басшылығымен жиналыс өтіп, мұндай жағдайдың алдын алуға баса назар аударылды. Алматы облыстық сот орындаушылары палатасының жетекшісі Аян Қасымберкебаев та қауіпсіздік мәселесін жиі көтеріп келеді. Өйткені, әрбіріміздің өміріміз қымбат, қауіпсіздік бірінші орында болуы тиіс. Әрине, құдайдың берген жасын жасаймыз. Алайда, "сақтансаң сақтаймын" дегенді де ұмытпау керек", - дейді ол.

Сөз арасында маман халықты несие аларда ойланып, "жеті рет пішіп, бір рет кесуге" шақырды.

"Халықтың бәрінде несие бар. Сол несие аларда келісім-шартты түсініп оқитындар аз. Бәрін оқып, біліп, ойланып, өз әлеуетіне қарап барып алу керек несиені. Несие алар кездегі халықтың сауатсыздығы қайғылы оқиғаларға душар қылғанын көріп жүрміз. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайды ушықтырып жіберетіні бар. Өз басымдағы бір оқиғаны айта кетейін.

"Қайрат" мөлтек ауданында заңсыз үш үй салынған. Құжаттары жоқ. Сот үйді бұзу туралы шешім қабылдады. Күнде барып жүрміз, әлгі үйлер ескірген және ешкім тұрмайды онда. Ақыры үйді бұзу туралы бұйрық алып, әлгі жерге барсақ, қыруар адам жиналып қалыпты. Үйге мүлде қатысы жоқ туысқандарын, олардың балаларын әкеліп, көз алдымызда "сахналанған көріністі" бастап кетті. Отандық танымал телеарна түсіріп жатыр екен. Балаларға қалай жылау керектігін де айтқанын естіп, жағамды ұстадым.

Дереу журналиске мұндай бассыздықты тоқтатуды сұрадым. Ол болса, өзіне тек пафос қажет екенін, көрермендерге не қызық, соны беретінін айтып, кетіп қалды. Міне, осының салдарынан оқиға халыққа түгелдей бұрмаланып жетті. Әлгі адамдар үйдің құжатын жасамаған. Құжат жасау үшін біреулерге ақша беріп, олар алдап кеткенін айтады. Бірақ сот заңды түрде тәркілесе, ештеңені де мойындамайды.

Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе, телеарналар жағдайды бұрмаламай, заңды тұрғыдан дұрыс жеткізсе екен деген тілек бар. Әйтпесе, халық телеарнадан көрген дүниелерге қатты сенеді", - дейді Қайрат Бейсембаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1947994-xalyq-nesie-alar-kezde-es-oilanbaidy-zeke-sot-oryndausysy-turli-kikilzinnin-neden-bastalatynyn-aitty/

pixel