Судьяның кабинетінде тінту жүргізілді: Алматы облысында екі күдікті кепілақымен босатылды

Опубликовано:

Сот12
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы облысында судьяға пара беру ісі бойынша үш күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Екі адам кепілақымен бостылса, үшіншісі қамауда отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

21 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлықа қарсы агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (МАЭС) судьясына жәрдемдесті және пара беруге оқталды деген екі күдікті бойынша сотқа өтінішхат жолдаған.

Тергеушілер Жанпейісов пен Тазабековке қатысты кепілақымен босату түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдауды сұраған.

"Аталған материалдарды қарау кезінде сотқа дейінгі тергеу органы кепілмен босату туралы Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 145-бабының нормаларын сақтағаны анықталды. Кепіл заты қабылданды, оның құны қажетті талаптарға сай болды. Тергеу сотының қаулысымен екі күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шаралары санкцияланды", - деп хабарлады Талдықорған мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшінші күдіктіні қамауға алу туралы өтініш берген.

"МАЭС судьясына пара беруге әрекеттенді (ҚК 367-бабы 2-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі) деген күдікке ілінген Пакқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат түсті.

Тергеуде оның қылмыстық қудалау органынан жасырынбақ болғаны туралы дерек болған. Осы мән-жайларды ескере отырып, сот кепіл сомасын белгілемей, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді", - дейді ведомстводан.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында экономикалық сот судьясының қызметтік кабинетінде тінту жүргізілгенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948003-sudyanyn-kabinetinde-tintu-zurgizildi-almaty-oblysynda-eki-kudikti-kepilaqymen-bosatyldy/