"Аққыз күйшінің төл шәкірті": Көз жанарынан айырылған әжей 100-ден астам күйді шебер орындайды (видео)

Опубликовано:

Домбырада ойнайтын кейуана
Скриншот: "Хабар 24"

Көз жанарынан айырлыған қарағандылық зейнеткер Күлмара Рахымбекқызы 100-ден астам күйді шебер орындайды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында тұратын кейуана жан серігі – домбырасын жеті жасында қолға алған. Содан бері жасы 85-ке келсе де домбырасын жанынан тастаған емес. Күніне бір мезгіл күй шертеді.

Осыдан төрт жыл бұрын көз жанарынан айырылған зейнеткер күй шертуді ұмыта қоймаған. Кейуанаға күйшілік өнер әкесінен дарыса керек. Небәрі 13 жасында ол өзі оқитын мектепте оқушылар ансамблін құрған. Арқадағы атақты Аққыз күйшінің төл шәкірті.

"Қасында жүрдім шәлісін байлап, домбырасын көтеріп. Содан мені тастаған жоқ қасынан көп жыл бойы. Осы Ақтоғайға келсе де мені алдырады. Күйінің бәрін үйреніп алдым. Батасын берді. Айналайын, қиындықты менен артық көрсең де, күйді тастаушы болма деп", - дейді Күлмара Рахымбекқызы.

Ақтоғайдағы музыка мектебінде 35 жыл дәріс берген әжей әйгілі "Тоқырауын толқындары" ансамблінің де белді мүшесі болған. Мәскеу, Түркия, Үндістанға гастрольдік сапармен барып, қазақтың өнерін паш етеді.

70 жасында шығармашылық кешін өткізген кейуана бертінге дейін облыстық, республикалық күйшілер жарысына қатысып келген. Қазір де 100 күйді біледі. Әуелетіп ән де салады.

"Домбырасын тастамайды, домбырасы қасында. Күніне бір тартып, шертіп отырады. Домбырасы өзінің жан серігі ғой енді. Балаларының барлығы да қара жаяу емес. Түгел өнерге бейім. Гитарада да, баянда да, домбырада да ойнайды", - дейді келіні Нәзигүл Түсенова.

Шертпе күй шеберінің жеке шығармалары да бар. Өзінің жолын қуған, өмірден өткен ұлы Ерлан Жандығұловқа арнап "Ана сағынышы" деп аталатын күй жазған.

Бүгінгі таңда кейуананың алты баласынан тараған 36 немересі, 27 шөбересі бар. Енді білген-түйгенін соларға үйретіп жүр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948034-aqqyz-kuisinin-tol-sakirti-koz-zanarynan-aiyrylgan-azei-100-den-astam-kuidi-seber-oryndaidy/