Нұр-Сұлтанға бара жатып, жолдан жолсерік алған азамат көлігінен айырылды

Опубликовано:

Көлікте отырған ер адам
Көрнекі фото: piqsels.com

Түркістан облысының тұрғыны полицияға әлдекім көлігін айдап кеткенін айтып арызданды. Қылмыс жасады деген күдікке жәбірленушінің жолсерігі ілінді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арызданушы Шымкенттен Нұр-Сұлтан қаласына өз көлігімен жетпек болғанын айтты. Ал Түлкібас ауданынан өте бере оны белгісіз ер адам тоқтатып, жеткізіп тастауын сұраған. Ол жолсерікті көлікке отырғызған.

Жолда көлік жүргізуші тамақтану үшін асханаға тоқтаған. Ал аялдаған жеріне оралғанда Toyota Alphard көлігі де, жолсерігі де ұшты-күйлі жоғалған.

Полиция көлікті белгісіз жолаушы айдап кетуі мүмкін деп болжап отыр.

Қылмыстық Кодекстің "Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ұсталды. Ол бұрын алаяқтық және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған Шымкент тұрғыны болып шықты. Тергеу мәліметтері бойынша, ол өзі қалаған жерге жету үшін көлікті ұрлап кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948299-nur-sultanda-zoldan-zolserik-otyrgyzgan-azamat-koliginen-aiyryldy/