"Тұмау дегенді атымен ұмытасыз": Ақтаулық тұрғын қыста теңізге түсудің пайдасын айтты (видео)

Опубликовано:

Тимур Нұрымбетов
Тимур Нұрмағамбетов/видеодан кадр: Хабар24

Ақтаулық тұрғыны Тимур Нұрмағамбетов 3 жылдан бері қыста теңізге түсуді әдетке айналдырған. Айтуынша, мұның пайдасы көп, деп хабарлайды Хабар 24.

Тимур Нұрмағамбетов күнделікті теңіз жағасында жаттығу жасайды кейін сырт киімдерін шешіп жүгіріп әрі қарай Каспийге бір сүңгіп шығады екен.

Ер адам мұны үш жылдан бері дағдыға айналдырғанын, осы арлықта еш ауырмағанын айтады.

"Суық суға шомылу үшін ең алдымен психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз керек. Қадам-қадаммен әрекет еткен абзал. Бірақ пайдасы көп. Бұлшық ет пен буын ауруын сезінбейсіз, тұмау дегенді атымен ұмытасыз. Ал психологиялық тұрғыдан өзіңе деген сенім артып, ұстамды, төзімді бола түсесіз", - дейді Тимур.

41 жастағы тұрғын жеңіл атлетикамен жастайынан айналысады. Қаладағы түрлі марафондарға қатысып, жеңімпаз атанған. Ара-тұра елордадағы өзі секілді суға түскенді жақсы көретін жандармен бас қосып, Есілге шомылатын көрінеді. Ал Каспийге аптасына кемінде 5 рет баратынын атап өтті. 

Каспий жағалауында таңертең жүгіргенді ұнататын тағы бір қала тұрғыны Александр Убейкин Тимур Нұрмағамбетов бұл әрекетіне таңғалатынын жасырмайды.

"Тимурды үнемі кездестіремін. Оған таңғаламын. Сырт киімсіз жүгірмек түгілі, қалай мұздай суға жүзеді? Өзім жарты сағаттай ғана жүре аламын. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді", - дейді ол.

Тимур Нұрмағанбетовтың 4 баласы бар. Алдағы уақытта ер адам оларды да спортқа баулып, қасына серік болуға үйретуді жоспарлап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948569-paidasy-kop-aqtaulyq-turgyn-qysta-tenizge-tusudi-adetke-ainaldyrgan-video/