Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен айналысқан шенеуніктер анықталды

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: Pexels

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан кәсіпкерлікпен айналысқан лауазымды тұлғаларды анықтады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Telegram каналында хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, "Рухани жаңғыру" өңірлік жобалық кеңсесі басшысының орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұза отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

"Оның атына тіркелген жеке кәсіпкерлік "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Жауыртаудағы кездесу" фестивалін өткізу бойынша Теміртау қаласындағы Мәдениет сарайына қызмет көрсеткен. Қызмет құны 3,9 млн теңгеге бағаланған", - делінген хабарламада.

Ведомство осыған ұқсас факт Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданында да тіркелгенін атап өтті.

Агенттіктің дерегінше, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бас маманының атына тіркелген жеке кәсіпкерлік мекеме мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кең тұтынылатын азық-түлік емес тауарларды жеткізумен айналысқан.

Аталған тұлғалар Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 154-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 408 380 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2021 жылдың басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы 109 іс қозғап, 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Одан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке 100 жеке және 2 заңды тұлға тартылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948696-qaragandy-oblysynda-kasipkerlikpen-ainalysqan-seneunikter-anyqtaldy/