"Ауылға шетелдің арналарын тартқан": Қос жанары көрмейтін есімі өңірге танымал "аңыз" адам қалай өмір сүруде?

Опубликовано:

Бөрібай Ысқақов
Бөрібай Ысқақов. Кадр: YouTube/Айсұлтан Жақыпов

Қарағанды облысы Қасым Аманжолов ауылдық округіне қарасты Ақбай-Қызылбай ауылының тұрғыны Бөрібай Ысқақовтың есімі бүкіл өңірге танымал. Ол жастайынан бір көзі көрмеген, зағип жан бола тұра, техниканың "құлағында" ойнайды. Шағын ғана ауылдың тұрғындары Бөрібай ақсақалдың техника жөндеуден алдына жан салмайтынын айтады. Ол кезінде тіптен өз қолымен шетелдің спутниктік арналарын орнатып, даңқы облыс асқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бөрібай Ысқақов туралы бейнероликті журналист Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube-каналында жария етті. Ол ақсақалдың үйіне арнайы барып, сұхбаттасып қайтқан. Журналистің айтуынша, бұл кісі жайлы өз өңірінде таралған аңыз көп.

"Қарқаралыда ұялы телефон ұстамайтын кезде, Қарқаралыңыз не, Қазақстанға енді кеп жатқан тұста радио тыңдап отырса бір "помеха" сезіліп, әлдебір дыбыстар шығады дейді. Бұл кешкі мезгіл болса керек. Ертеңіне әлгі дыбыс тағы сол уақытта қайталанады. 3-4 күн зерттейді. Сөйтіп, белгілі бір мезгілде төбеден спутник өтеді деген тоқтамға келеді. Қаладан турая секілді рация алып, оның антеналарын бір-біріне жалғап, тауға антенна орнатып, әурешілікпен алғашқы қоңырауын жасаған екен. Күнде кешкілік белгілі бір уақытта Қарағанды, Ақмола, Алматыда жүрген туыстарына байланысқа шығып жүреді. Ол кісінің бұл әрекеті құзырлы органдарда тіркеліп, арнайы іздеп барған деседі. Бұл әңгімені Бөраға жартылай растады. Комитет адамдары іздесе іздеген шығар, үйіме келмеді деді", - дейді Айсұлтан Жақыпов.

Одан бөлек, ол елде "Otau TV" жоқ кезде әр аймақтың каналдарын шығарып алған. Сондай-ақ, қытайдың спутниктік антеннасы арқылы ауылдастарының барлығына Қытайдағы қазақтардың арналарын орнатып берген екен.

Бөрібай Ысқақовтың айтуынша, ол жастайынан техниканың "тілін" білуге құмартып өскен екен.

"Бір жасымнан бастап көздің кемшілігі басталды. Бір көзімнің жанары болды, біреуінде болмады. Сонымен өмір сүрдім. 12-13 жасқа дейін шұғылданған ермегім балалардың велосипедтері, анамның сепараторы болған. Соларды істеп, өзімді өзім қатты қызықтыра бастадым. 64-жылдары 15-ке келгеннен кейін үлкен-үлкен аккумуляторлармен істейтін радиоқабылдағыштар бар, соларды қотарып, ішіндегі тоқ, конденсатор секілді дүниелерді алып, қайта құрастырып, жүргізе бастадым", - дейді ол.

Ол уақыт өте келе жаңадан пайда болған барлық техниканы жөндеуді, құрастыруды үйреніп алған. Қазіргі дейін ауылдағы теледидар секілді техникалық құралдары істен шыға қалса, тұрғындар Бөрібай ақсақалдың үйіне ағылады. Ал 90-жылдары елде байланыс болмай, жарықсыз қалған кезде ол қыстаққа жарық жүргізіп, ескі антенналарды іске қосу арқылы байланыс орнатуға атсалысқан екен.

Осылайша, көптің разылығын алып, елдің игілігі үшін қызмет істеген Бөрібай Ысқақов өзі де елден көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Оған себеп - баспанасының болмауы.

"Ағамыздың жалғыз ұлы қайтыс болған. Екі немересі Сортировкадағы мектеп-интернатта оқиды екен. Осыдан біраз жыл бұрын әкімдікке үйдің кезегіне тұрған. Оны асқан шыдамдылықпен күткен. Биыл ауылдарына жаңа әкім сайланып, құжаттарды тексерсе Бөрағаның құжаттары аудан жақта жоғалып кетіпті-міс... Ана жігіт жанталасып құжатты қайта жинайды. Оың өз әурешілігі бар екен.

Он бір жыл бұрын құлап қалған үйді сүріп тастаған құжат жасатқан, заң бойынша ол жер телімі бір жыл тұруы тиіс екен. Осы аралықта ол жерді біреу сатып алам деуі мүмкін дейді. Ағамыз 2022 жылы Қарқаралыдан үй ала алмайтын секілді заңи тұрғыда. 11 жылдан бері ауылында үй жалдап тұрады. Жалдағанда, көшіп кеткен ауылдасының үйін алып қалған. Тоғын, суын, басқасын төлеп тұрады, жөндеуін жасап тұрады дегендей", - дейді журналист.

Қазіргі таңда ауылдың құрметті тұрғыны бәйбішесімен тұрады. Өмірлік серігі қос жанары көрмейтін жолдасына жол көрсетіп, үнемі жетектеп жүреді екен.

"Ағамыз биылға дейін ешкімге жалынбаған. Өмірге құштар адам. Тек, жыл өткен сайын жасарып келе жатқан жоқпын. Қар күреу, түзге шығу секілді дүниелер ауырлап бара жатыр деп отыр...", - деп баяндаған Жақыпов Бөрібай ақсақалға біріге күш сала отырып, үй алып беру үшін елден көмек сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948908-auylga-seteldin-arnalaryn-tartqan-qos-zanary-kormeitin-esimi-onirge-tanymal-anyz-adam-qalai-omir-surude/

jitsu gif