"Көлігін өз атына ресімдедік": 4 баланы өрттен аман алып шыққан Олег Пирогтың анасы ұлының ерлігі туралы айтты

Опубликовано:

Олег Пирог
Фото: Instagram/arkhimed_mukhambetov

Қостанайда өртеніп жатқан үйдің терезесінен кіріп, төрт баланы аман алып шыққан мектеп оқушысы Олег Пирог пен оның анасы Валентина Пирог KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Қайсар бала сол күнгі әрекеті жоғары деңгейде еленіп-ескерілетінін, осындай сый-құрметке бөленетінін күтпеген.

Небәрі бесінші сыныпта оқитын Олег өртеніп жатқан үйге жақындаудан еш қорықпағанын алға тартады.

"Мен сол күні көшеде ойнап жүріп, көрші үйдің өртеніп жатқанын көрдім. Бастапқыда маған өртке жақындап бару қызық болды. Кейін сол үйде көп бала тұратынын білгендіктен, құтқаруға асықтым. Қорыққан жоқпын. Терезесінен кірдім", - дейді Олег Пирог.

Олег анасына көрші үйдің өртеніп жатқанын төрт баланы құтқарып келген соң бір-ақ айтқан.

"Өрт шықты", - деп жүгіріп келді үйге. Сосын бәріміз сол жаққа бардық. Келсек, өрт сөндіру көліктері жұмыстарына кіріскен екен", - дейді сол күнді есіне алған Валентина Владимирқызы.

Оның сөзінше, Олег өзін әлі де ерлік жасадым деп ойламайды. Ал қостанайлық кәсіпкерлер берген автокөлікті жаңа жыл қарсаңында күтпеген тосынсый дейді.

"Бүгінгі берген сыйлыққа қатты қуанды. Біз ондайды күткен жоқпыз. Қазір көлігін өз атына ресімдеп отырмыз. Өйткені оны Олегке берді", - дейді Валентина Пирог.

Айта кетейік, Олегтің өзі көпбалалы отбасынан. Ол үйдегі алты баланың екіншісі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Олег Пирогқа жергілікті кәсіпкерлер автокөлік сыйлағанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ жасөспірім Төтенше жағдайлар министрлігінің "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалімен, ал Олегтің анасы Валентина Пирог ТЖМ-ның алғыс хатымен марапатталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948934-koligin-oz-atyna-resimdedik-4-balany-ortten-aman-alyp-syqqan-oleg-pirogtyn-anasy-ulynyn-erligi-turaly-aitty/