2022 жылы кейбір талапкерлерге ҰБТ тапсыру кезінде қосымша уақыт беріледі

Опубликовано:

ҰБТ
Көрнекі фото: pixabay.com

2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге ҰБТ тапсыру үшін қосымша уақыт беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Facebook парақшасында хабарланды.

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылы көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған абитуриенттерге негізгі 240 минутқа тест тапсырмаларын орындау үшін қосымша 40 минут берілмек. Яғни, олар ҰБТ-ны басқа түлектерге қарағанда 4 сағат 40 минут (жалпы 280 минут) тапсырады.

"Біз үшін жұмыстың ең басты бағыты талапкерлердің мүддесі болып табылады. Біз ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткіземіз. Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестті ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз. Олар үшін ҰБТ тапсыру уақыты тағы 40 минутқа ұзартылады", - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Емелбаевтың сөзінше, ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізіледі. Олар үшін сызбаларсыз, диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Мұндай тапсырманы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов берген.

Сонымен қатар, келесі жылы тестілеу "1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқуға түсушінің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа, талапкердің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады.

Фронталды веб-камера оқуға түсушінің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.

ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да фактілер анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, 2022 жылы да ҰБТ электронды форматта өтеді. Талапкерлер дәстүрлі түрде 3 міндетті пән бойынша (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейінді пән бойынша тест тапсырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948975-2022-zyly-keibir-talapkerlerge-ubt-tapsyru-kezinde-qosymsa-uaqyt-beriledi/