Алаяқтарға 90 мыңнан 10 млн теңгеге дейін қаржы берген шымкенттіктер оңбай алданып қалды

Опубликовано:

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы

Шымкентте бірнеше тұрғын алаяқтарға алданып қалғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Олар кәсіп үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алу үшін айлакерлерге 90 мың теңгеден 10 млн теңгеге дейін берген, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қалалықтар полиция ғимаратының алдына жиналып, өздерін алдап-соққандарды жазалауды талап етті. Азаматтар бұл ақшаға кәсіп ашпақ болыпты.

"Мен 4,7 млн теңге бердім. Ол жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейтінін айтты. Өткен жылы мен оған 90 мың теңге бергенімде, ол маған бизнесті дамыту үшін мемлекеттен 583 мың теңге қайтарымсыз грант алып берді. Биыл да солай көмектесер деп ойлағанмын, бірақ алдап кетті", - дейді зардап шегушілердің бірі.

"4,7 млн теңге (алаяқтарға берген - ред.). Несие алдым, мен бұл туралы ешнәрсе білмедім", - дейді жәбірленушілердің бірінің анасы.

Заңгер Гүлизат Сейдазованың хабарлауынша, зардап шеккендер ақшасын алып қойғандармен келіссөз жүргізіп, қаражатын тергеу мен сотқа жүгінбей-ақ қайтарып алуға тырысқан.

"Бірақ олар өздерін алдап кеткенін айтып отыр. Яғни, ақшаны Алматыдағы қор жетекшісіне және Шымкенттегі жұмыспен қамту орталығының бухгалтеріне бергенін айтқан. Олар полицияға арыз жазғанын айтады, бірақ арыздың көшірмесін бізге көрсетпеді", - дейді заңгер.

Жалпы алғанда, шымкенттіктер алаяқтарға 90 мыңнан 10 млн теңгеге дейін қаржы берген. 300-ге жуық тұрғын зардап шеккенімен, полицияға арызды бәрі бірдей түсірмеген.

"Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер анықталып, оларға қатысты тергеу жүргізілуде. Бізге 12 адам арыз жазды. Егер тағы да зардап шеккендер болса, олардың да арызын қабылдауға дайынбыз", - дейді Қаратау ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Серік Асарқұлов.

Ал қалалық жұмыспен қамту орталығы іс фигуранттарының ешбірі мекемеде жұмыс істемегенін хабарлады. Дегенмен алаяқтар өздерін ұйым қызметкері ретінде таныстырып, қалалықтардан ақша алған фактілер болғанын жасырмады.

"Жазда осындай жағдайлар болды, біз оларды анықтап, тергеу үшін тиісті органдарға бердік", - дейді Шымкент жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Шағдат Әсет.

"Даму" қоры да аталған факті жайлы хабардар екенін айтты және ішкі тергеу жүргізген. Ұйымның да және оның қызметкерлерінің де бұл іске қатысы жоқ екені анықталған. Қор өкілдері құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949048-alayaqtarga-90-mynnan-10-mln-tengege-deiin-aqsa-bergen-symkenttikter-onbai-aldanyp-qaldy/