Қуаңшылық кезінде жанұшыра қызмет еткен Құрметке баспана кілті табыс етілді

Опубликовано:

Құрмет Талапқазы1
Құрмет Талапқазы. Фото: Жәнібек Қожықтың Facebook парақшасынан алынды

2021 жылдың маусымында Батыс Қазақстандағы қуаңшылық кезінде мал азығын жинауға көмектескен Құрмет Талапқазыға бүгін жаңа баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды Отырар арнасы.

Телеарна мәліметінше, жаздағы қуаңшылық кезінде Батыс Қазақстанға жем-шөп жинауға көмектескен Құрмет Талапқазы жаңа баспанаға кірген.

24 жастағы азамат халықтың жасаған мұндай сыйына үлкен алғысын білдірді.

"Қиналып жатқан ел-жұрт көп қой, жиналған қаржыны қайырымдылыққа салайын деп едім, оған бой бермей, ақшаны бермей осылай алып беріп тастады. Көмектескен кәсіпкер, қарапайым халқымызға рақмет! Алғысым шексіз! Бүгін қуанышқа кенеліп, құрбандық шалып, қуанышымызды елмен бөлісіп жатырмыз", - деді Құрмет.

3 бөлмелі жаңа баспананың аумағы 8 соттық. Үйдің ауласында шағын дүкені бар. Жалпы құны 18,5 миллион теңгеге сатып алынған.

Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспанаға ие болған азамат ата-анасын елге әкелуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, келер жылы шаңыраққа келін түсіріп, отбасын құрсам деген ниеті бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мақсат Толықбай Құрмет Талапқазының Шымкентте пәтер жалдап тұратынын, ата-анасы мен туған аға-бауырларының бәрі Қытайда екенін айтып, үй алып беру бастамасын көтерген еді.

Журналистің ұсынысы жерде қалмай, бүгінде 9 миллион теңгеден астам қаражаттың басы құралған. Одан бөлек, елден жиналған ақшаның үстіне дәл сол соманы белгілі меценат Дулат Тастекей берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949181-quansylyq-kezinde-zanusyra-qyzmet-etken-qurmetke-baspana-kilti-tabys-etildi/