Әскерге шақырылғандарды клубтан алып кетуде: министрлік видеоға пікір білдірді

Опубликовано:

Клуб
Видеодан кадр: instagram.com/bpp_up

Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов мәжіліс отырысында әскерге шақырылған жігіттерді түнгі клубтардан алып кетіп жатқаны көрсетілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдері "Қорғаныс министрлігі рейдтер өткізіп жатыр ма, соның аясында әскерге шақырылғандарды түнгі клубтан алып кетті ме?" деген сұрақ қойды.

Бұған жауап берген қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов мұндай рейдтер дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын хабарлады.

"Кез келген рейд әскерге шақырылғандар немесе әскери қызметкерлер нормативтік құжаттарда көрсетілген нормаларды орындамағанда ұйымдастырылады. Егер ол орындамаса, уақытылы келмесе, тіркелмесе, тиісті процедуралардан өтпесе осындай шара қолданылады. Жергілікті әскери органдардың арнайы талаптары бар. Олар өз қызметтік міндеттерін орындап жатыр", - деді ол.

Оның сөзінше, аталған шаралар әскерге шақырылғандар саны жетіспейді дегенді білдірмейді.

"Әскерге шақырылғандар өз міндетін орындауға міндетті. Отанды қорғау деген міндет бар. Рейдтер белгілі бір жиілікпен ұйымдастырылады",- деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін әскерге шақырылғандарды көңіл көтеру орындарынан алып кетіп жатқан видео тарағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949183-askerge-saqyrylgandardy-klubtan-alyp-ketude-ministrlik-videoga-qatysty-pikir-bildirdi/