Аида Балаева журналист пен Бекболат Тілеухан арасындағы дауға қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Аида Балаева
Аида Балаева. Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева кеше Мәжіліс ғимаратында бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан мен отандық журналистің арасында болған дауға қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Baigenews.kz сайты Парламент мәжілісінің жалпы отырысынан соң өкілеттігі тоқтатылған депутат Бекболат Тілеухан мен БАҚ өкілінің арасында жанжал туғанын хабарлады.

Жиналыстан кейінгі сұхбат барысында журналист одан көп әйел алу туралы сұрақ қойған. Бекболат Тілеухан журналист сауалына өзінің бірнеше әйелі бар екенін және оны ешқашан жасырмағанын айтты. Содан соң тілші Қазақстанда көп әйел алуға тыйым салатын заңды қабылдаған әріптестері бұған қалай қарайтынын сұрады. Ол әріптестерінің пікірін білмейтінін айтып, лифтке кірді. Журналист те оның артынан кірмек болды. БАҚ қызметкерінің сөзінше, Бекболат Тілеухан оған күш қолданып, штативін сындырған. Сондай-ақ, журналисттің оқиға орнына полиция шақырғаны белгілі болды.

Басылым бұл жайтқа қатысты Бекболат Тілеуханға қоңырау шалғанын, алайда оның телефоны сөндіріліп тұрғанын жазды. Экс-депутаттың көмекшісі оқиғаға пікір білдіруден бас тартқан.

Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында аталған оқиғаға пікір білдірді.

"Бүгін Парламент ғимаратында журналист пен сұхбат беруші Бекболат Тілеухан арасында орын алған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек). Мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез келген сұхбат барысында сақталуы тиіс.

Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Адамның жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын", - деп жазды министр.

Еске сала кетейік, кеше Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі өз өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949257-aida-balaeva-zurnalist-pen-bekbolat-tileuxan-arasyndagy-dauga-qatysty-pikir-bildirdi/