Қызылордада 23 мұғалім білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін марапатталды

Опубликовано:

Мектеп
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Қызылорда облысында 173 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Биыл Қызылорда облысының білім саласын дамытуға 170 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жыл басында аймақтың білім саласы ауқымды өзгерістен басталды. Білім беру ұйымдарын қаржыландыру облыстық деңгейге өтіп, барлық мекемелер тікелей басқарманың басқару жүйесіне көшті. Сонымен қатар, өткен жылы облыс орталығындағы 58 мектепке жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Ал биыл білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі артты. Мәселен, 2020 жылы салаға 160,2 млрд теңге бөлінсе, биыл 173,6 млрд теңге болып отыр.

Ұстаздар еліміз бойынша өткен байқауларда топ жарған. Соңғы сегіз жылда республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 20 педагогқа «Үздік педагог» атағы берілді. Ал «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» медаліне 23 мұғалім ие болды.

«Биылғы жыл аймақтың білім саласы үшін табысты жыл болды. Жыл бойы ауқымды жұмыстар атқарылды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылында облыста 173 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 5 мемлекеттік мектеп құрылысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде 6 жеке мектеп балаларға есігін айқара ашты. Олар – Жаңақорған ауданы және облыс орталығында. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайып, 65 процентке жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды. XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар кезеңі. Сондықтан мектептерде цифрландыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қосымша білім берумен қазіргі таңда оқушылардың 82 проценті қамтылып отыр. Бұл бағытта Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Қармақшы аудандарында жаңа орталықтар өз жұмысын бастамақ», – деді Ақзира Қасымова.
Мектеп
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жылдың қорытынды шарасында аймақтың білім беру саласындағы жетістіктерден бөлек, жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада «Білім саласының дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен Ғани Серікбаев, Райхан Айтимова марапатталса, Жанна Құрмантайқызына ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.

Мұнан бөлек, бірқатар педагогқа ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісі» және Құрмет грамоталары табыс етілді.

Сондай-ақ, республикалық байқау жүлдегерлеріне арналған «Жыл үздігі» және жыл қорытындысы бойынша тынымсыз еңбек еткен педагогтарға «Жыл жаңалығы», «Қуатты қалам», «Жаңалық жаршысы», «Ақпарат үздігі», «Білім шыңы», «Зерделі зейін», «Білім жанашыры» атты арнайы номинациялары берілді. Ал жыл көлемінде жетістіктерге жеткен үздік білім ошақтарына «Үздік әлеуметтік әріптес», «Үздік идеялар жаршысы», «Үздік ұйымшыл ұйым» номинацияларымен директорлар марапатталды.

Мектеп
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Биыл 1200-ден астам бала педагог мамандықтарын таңдады. Оның ішінде 171 түлек «Алтын белгі» иегері. Сыр өрендерінің білім бәйгелерінде де бәсі жоғары. Халықаралық, республикалық олимпиадада, әлемдік деңгейдегі білім-ғылым додасында көптеген айтулы жетістіктерді бағындыруда.

Соңғы 10 жылда қызылордалық 500-ге жуық оқушы халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жобалардың жүлдегері атанса, биыл да асығы алшысынан түскен жүлдегер оқушыларымыз жетерлік. «Елбасы медалі» жобасы аясында 247 оқушы қола медаль иеленсе, жобаны жалғастырушы оқушылар 54 күміс, 49 алтын медальды иеленуге талпынуда.

Мектепке дейінгі мекемелердің саны биыл 670-ке жетті. Онда қазір 54 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Сонымен қатар «IT балабақша» пилоттық жобасы аясында қалада «Алтын ұя» бөбекжай бақшасы өз жұмысын жаңартты. Мектепке дейінгі мекеме цифрлық ресурстары бар 18 білім бук панелімен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылды. Ал келер жылы IT бөбекжайлар санын 5-ке жеткізу жоспарлануда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде жекеменшік балабақшалар үлесі артты. Атап өту керек, Елбасы Н. Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасы аясында Сыр елінде республика бойынша ең алғаш болып 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз балабақшалармен қамтылды. Бүгінде мектепке дейінгі бұл білім беру ұйымдары жаңа технологиялармен толық жабдықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949280-qyzylordada-23-mugalim-bilim-beru-salasyn-damytudagy-enbegi-usin-marapattaldy/

jitsu gif