Қазақстанда 5 қаңтардан бастап жаңа шектеулер енгізіледі

Опубликовано:

Бетперде88
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу үшін елімізде жаңа шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды COVD-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК.

Жаңа шектеулер жекелеген объектілерге келушілерге қатысты.

Яғни 5 қаңтардан бастап, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, тұрғындарға жұмыс және демалыс күндері сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, азық-түлік емес сауда желілеріне, сауда алаңы 6000 шаршы метрден асатын сауда желілеріне, караокеге Ashyq қосымшасындағы мәртебесі "жасыл" болған жағдайда кіруге рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, қолында коронавирустың жоқтығын растайтын мерзімі 7 күннен аспаған ПТР тесттің нәтижесі бар, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 айда коронавируспен ауырып шыққанын растайтын құжаты бар адамдарға да аталған объектілерге жұмыс және демалыс күндері кіруге рұқсат.

Ведомствоаралық комиссия қабылданып отырған шаралар әлемде таралып жатқан коронавирустың жаңа "омикрон" штамына байланысты екенін атап өтті. Ол қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде анықталған.

"Омикрон" штамының таралуы бірқатар елдердің денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме тудыруда. Осыған байланысты қабылданып отырған шаралар эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға, аурулар санының өсу қаупін азайтуға, неғұрлым қатаң шектеу шараларын енгізуге жол бермеуге бағытталған", - деп қосты ВАК.

Айта кетейік, коронавирустың "омикрон" штамының жұқпалылығы "дельта" нұсқасына қарағанда 5 есе жоғары және қайта жұқтыру қаупі бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, ауру бірнеше айдың ішінде бүкіл әлемге таралуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949506-qazaqstanda-5-qantardan-bastap-zana-sekteuler-engiziledi/