Электрондық цифрлық қолтаңбаларға қатысты ІІМ мәлімдеме жасады

Опубликовано:

ЭЦҚ
Көрнекі фото: dauletten.kz

Пилоттық жоба шеңберінде бейрезиденттер электрондық цифрлық қолтаңбаларды (ЭЦҚ) еліміздің елшіліктері мен консулдықтары арқылы алуға болады, деп хабарлайды ІІМ ресми сайты.

Пилоттық жоба сыртқы істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, сондай-ақ ішкі істер министрліктерімен бірлесіп іске асырылды.

Аталған жоба Вашингтон, Сеул, Бішкек, Мәскеу, Прага, Дубай, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Майндағы-Франкфурт, Ыстамбұл және Бейжің қалаларында орналасқан Қазақстан Республикасының 11 дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істейтін болады.

Жобаның негізгі мақсаты – әлеуетті шетел инвесторлардың Қазақстанның онлайн аукциондарына қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Резидент емес жеке тұлғалар ЭЦҚ-ны «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Ол үшін шетел азаматтардың өзімен бірге паспорты, паспортының электрондық көшірмесі (pdf форматында), аты-жөнінің кириллицаға, қажет болған жағдайда латын әліпбиіне (pdf форматында) нотариалды куәландырылған аудармасының электрондық көшірмесі және USB-flash жинақтаушы (ЭЦҚ кілттерін сақтау үшін) болуы қажет.

Резидент емес заңды тұлғалар алдын ала Қаржы мининстрлігі МКК сайтында тіркеліп және БСН-ді онлайн алып, ЭЦҚ-ны Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінен ала алады.

Қызмет 2 жұмыс күні ішінде тегін көрсетіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949527-elektrondyq-cifrlyq-qoltanbalarga-qatysty-iim-malimdeme-zasady/