30 рет пышақтаған: Оралда әйелін асқан жауыздықпен өлтірген ер адамға үкім шықты

Опубликовано:

сотталды
Көрнекі фото: Sputnik / Илья Питалев

Оралда әйелін жауыздықпен өлтірген ер адамға сот үкімі шығарылды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бауыржан Хайруллин әйелін қызғанып, жантүршігерлік қылмысқа барған. Куәгерлердің айтуынша, келіншегін қызғанатындай себеп те болмапты. Бірақ ашуға булыққан ер адам оған пышақ ала жүгірген.

Марқұм Айнагүл Хайруллинаның әріптестері де сотқа келіп, жұбайлар туралы айтты. Бақытты отбасы болған ерлі-зайыптының екі баласы дүниеге келген. Бауыржан да, Айнагүл де жұмыс істепті.

Айнагүл біршама уақыттан кейін әріптесіне күйеуінің қол көтеретінін айтқан. Тіпті дене жарақаттары да болған. Алайда әріптестері араласпапты. Ерлі-зайыпты бәрін өздері шешеді деп ойлаған.

Биыл сәуір айында Бауыржан әдеттегідей әйелін жұмыстан алып кетуге келген. Айнагүл төменге түскен. Бірақ артынан әріптестері оның қанға малынып жатқанын көрген. Сөйтсе, күйеуі 30 рет пышақ салып, оқиға орнынан кетіп қалған. Айнагүл ауруханада көз жұмды.

Хайруллин қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп, жол құрылысына жауапты болған. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, ол қылмысқа дейін екі күн бұрын қызметінен кеткен. 

Бүгін, 31 желтоқсанда сот үкім шығарды. Бауыржан Хайруллин әйелін асқан жауыздықпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздік деңгейі жоғары түрмеде өтейді. 

Бұдан бөлек, Хайруллин марқұмның анасы мен әпкесіне 15 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеп беруге міндетті. Сотта ол әйелінің туған-туыстарынан кешірім сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949530-30-ret-pysaqtagan-oralda-aielin-asqan-zauyzdyqpen-oltirgen-er-adamga-sot-ukimi-syqty/

jitsu gif