Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Опубликовано:

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Президенттің сөйлеген сөзі Ақорда сайтында жарияланды.

Қадірлі отандастар!

Ардақты ағайын!

Міне, егемендік жылнамасының тағы бір маңызды белесіне жеттік. Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылға қадам басамыз. Бұл – әрбір адам ерекше көңіл-күймен қарсы алатын айрықша әсерлі сәт. Біз өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге жоспар жасаймыз.

2021 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, халқымыз кез-келген сын-қатерге төтеп беріп, барлық кедергіні еңсере білді. 

Індет кезіндегі қиындыққа қарамастан, көптеген жетістікке жеттік. Экономикамыз біртіндеп оңалып, жұрт қалыпты өмірге орала бастады. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиімді шаралар жүзеге асырылды.  

Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымының жалақысы көбейді.

Миллионнан астам тұрғын зейнетақы жинағын баспана алуға, ипотекасын өтеуге, емделуге жұмсады.   

Алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. 

Адам құқықтары саласына қатысты іс-шаралардың арнайы жоспары бекітілді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау үшін жүйелі жұмыс жүргізілді.    

Парламент менің бастамам бойынша реформаларды одан әрі жалғастыруға тың серпін беретін бірқатар заң қабылдады. Жалпы, әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткіздік.

Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің бәсекеге қабілетін арттыруға бар күш-жігерін жұмылдырды.

Бір сөзбен айтсақ, биыл күрделі жыл болса да, толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы.

Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін!

Жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, жалпыұлттық бірлігімізді бекемдеп, табысымызды арттырып, еліміздің күш-қуатын нығайта беру – өте маңызды. Біз осылайша дамудың жаңа сатысына шығуымыз керек.

Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын,  нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында.   

Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.

Қымбатты достар!

Жаңа жыл кешінде бәріміз мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз. Келер күннен тек жақсылық күтеміз.

Қазақтың жыл қайыру дәстүрі бойынша 2022 жыл – Барыс жылы.

Асқар шыңды мекендейтін тау тағысын халқымыз киелі санаған. Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі және Тәуелсіздік монументіндегі барыс бейнесі – соның көрінісі. Бүгінде қанатты барыс жаңа Қазақстанның символына айналды.    

Тұран жолбарысын қайта түлету жоспарымызда бар. Бұл да келесі жылмен сәйкес келетін маңызды міндет. 

Алдағы жыл еліміз үшін тың қарқынмен дамитын берекелі жыл болсын!      

Жаңа жылда әр шаңырақ шаттыққа кенелсін!   

Баршаңызға амандық, бақыт тілеймін!  

Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін! 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949544-toqaev-qazaqstandyqtardy-zana-zyl-merekesimen-quttyqtady/

pixel