Маңғыстауда үкіметтік комиссия мүшелері белсенділермен келіссөз жүргізіп жатыр

Опубликовано:

Үкіметтік комиссия белсенділермен
Фото: primeminister.kz

Үкіметтік комиссия сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап еткен бастамашыл топпен кездесу өткізуде. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

"Жиынға қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті сақтай отырып, жағдайды реттеу мүмкіндігін талқылап жатыр", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 2 қаңтарда Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан еді. Президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырған.

Премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін үкіметтік комиссия құрылды. Өңірде газ бағасы төмендейтіні хабарланды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауда үкіметтік комиссия өз жұмысына кіріскенін мәлімдеген болатын.

Оған қоса, Qazaq Oil компаниясы орын алған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.

Қазіргі уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министр құрған үкіметтік комиссия өңірге келіп, өз жұмысын бастады.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен отырыс өтіп, оған президент әкімшілігінің, энергетика министрлігінің, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949727-mangystauda-ukimettik-komissiya-museleri-belsendilermen-kelissoz-zurgizip-zatyr/