Елімізде коменданттық сағатты бұзғаны үшін қандай жаза қолданылады
Жарияланған күні:
Түнде мемлекет басшысы Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізу туралы жарлық шығарды. Бұл аталған өңір тұрғындары кешкі сағат 11-ден таңғы 7-ге дейін көшеде жүре алмайды, деген сөз. Коменданттық сағатты бұзғаны үшін Қазақстанда әкімшілік жаза көзделген.
ТЖ режимін бұзғаны үшін жаза Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабында көрсетілген.
Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау, сондай-ақ жергілікті жер комендантының заңды бұйрықтары мен өкімдерін:
1) келу мен кетудiң ерекше режимi;
2) белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салу;
3) бейбіт жиналыстарды, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу немесе оларды шектеу;
4) ереуiлдер өткiзуге тыйым салу;
5) қарумен, күштi әсер ететiн химиялық және улы заттармен, сондай-ақ алкогольдік iшiмдiктермен және құрамында спирт бар заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу;
6) карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу;
7) көбейту техникасын, сондай-ақ радио- және теле хабар тарату аппаратурасын, аудио- және бейнежазу техникасын пайдалануға шектеу қою немесе тыйым салу; дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды алып қою туралы нұсқамалар; бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар;
8) байланысты пайдаланудың ерекше қағидалары;
9) көлiк құралдарының жүруін шектеу және оларды жете тексеруден өткiзу;
10) коменданттық сағат кезінде жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын арнайы берiлген рұқсаттарсыз және құжаттарсыз көшелерде немесе өзге де қоғамдық орындарда жүруiне не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз өз үйiнен тыс жерде болуына тыйым салу бөліктерінде орындамау, егер бұл әрекеттерде (әрекетсіздікте) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, – ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Айта кетейік, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949782-elimizde-komendanttyq-sagatty-buzgany-usin-qandai-zaza-qoldanylady/