Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тараздағы тәртіпсіздік: Бердібек Сапарбаев үндеу жасады

Опубликовано:

Басшы
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында болған дүрбелеңге қатысты пікір білдіріп, үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Құрметті жерлестер! Кеше Тараз қаласындағы орталық алаңға жиналған халықтың алдына шығып, сабырлыққа шақырып, заңсыздыққа бой алдырмауға, ортақ диалогқа келуге өтініш білдіргенмін.

Алайда, өкінішке қарай, жүздеген жас қаладағы басты көшелермен жүріп өтіп, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа, бұзақылық әрекеттерге жол берді.

Соның салдарынан 10-нан астам полиция көлігі аударылып, өртеніп, облыс әкімінің аппаратының ғимараты, орталық аумақтағы (Атшабар) “Каспий банк” бөлімшесі айтарлықтай зардап шекті.

Заң, тәртіп сақталу керек!

Мемлекет мүлігіне зиян келтіру, қоғамдық тәртіпті бұзу - заңмен қудаланады.

Біздің ойымызша, бұзақылық сипаттағы әрекетке барған жастар қандай да бір топтың айтағына ергендер.

Баршаңызды арандатушылыққа бой алдырмауға, іріткі салудан аулақ болуға шақырамын!

Қандай да бір заңсыз әрекеттердің барлығы үшін жауап беретіндіктеріңізді қатаң ескертемін!", - деді Бердібек Сапарбаев.

Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.

Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.

Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" мұз кешені маңына жинала бастаған. Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.

Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.

Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу тағайындалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялар нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталған.

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949848-tarazdagy-tartipsizdik-berdibek-saparbaev-undeu-zasady/

pixel