Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ноғаев: Азаматтардан арандатушыларға ермей, үйлеріне қайтуды сұраймыз

Опубликовано:

Нұрлан Ноғаев
Фото: atr.kz

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір халқына үндеу жолдап, наразылық білдірушілерді сабырға шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Ардақты маңғыстаулықтар! Бүгін түнде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен Маңғыстау облысы және Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланды. Бүгін таңертең еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы үкімет пен мемлекеттік органдардың басшыларымен жиналыс өткізді. Жиналыс барысында қалыптасқан жағдайды қысқа уақытта екі жаққа да тиімді болатын жағдайда шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді", - деді өңір әкімі.

Облыс басшысы өз еркімен қайтқандарға заң аясында ешқандай шара қолданылмайтынын атап өтті.

"Қазіргі таңда білместікпен немесе әр түрлі себептермен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтардан өз еркілерімен арандаушылыққа ермей, үйлеріне қайтуы сұралады. Егер өз еркілерімен қазір қайтатын болса, қолданыстағы заңның аясында ешқандай шаралар қолданылмайды. Өз тарапымыздан іс-әрекеттердің барлығы қолданыстағы заңның аясында қатаң бақылауда бола отырып, жүзеге асыру керек екенін қаперіңізге беремін", - деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бірінші кезекте азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қойылтанын атап өтті

"Біз өз тарапымыздан қалыптасқан жағдайды тезірек шешуге және мемлекет басшысының берген тапсырмаларының аясында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қоямыз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, азаматтық және әскери обьектілерде қорғау мәселелерін ұйымдастыру және сол обьектілерге қандай бір қастандық немесе жұмысын істеуге кедергі келетін мәселелерді болдырмау жөнінде тапсырмалар берілді. Ардақты ағайын, бірігіп осы мәселені шешейік. Амандықта болайық", - деді облыс әкімі маңғыстаулықтарға.

Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.

Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.

Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" мұз кешені маңына жинала бастаған. Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.

Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.

Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу тағайындалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялар нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталған.

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949870-nurlan-nogaev-azamattardan-arandatusylarga-ermei-uilerine-qaitudy-suraimyz/

pixel