Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смайылов Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді

Опубликовано:

міндетін атқарушы
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жөніндегі кеңесте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Смайылов газ саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтауды және Маңғыстау облысында сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды:

Сұйытылған газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізудің қолданыстағы қағидаларын пысықтау, сұйытылған газды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға ауыстыру.

Тиісті мемлекеттік органдар сұйытылған газды өткізу кезінде бағалық сөз байласу және өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуі қажет.

Батыс өңірлер – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарлары өзектендіріледі.

Премьер-министрдің міндетін атқарушы сұйытылған газ, бензин және дизель бағаларын 180 күн мерзімге мемлекеттік реттеуді енгізу бойынша тиісті нормативтік актіні қабылдауды тапсырды.

Мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын мемлекеттік реттеу тетігін енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау мәселесін пысықтап, үкіметке ұсыныстар енгізуі тиіс.

Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеу тапсырылды.

Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құруды қамтамасыз етсін..

"Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды", — деді Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.

Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.

Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" мұз кешені маңына жинала бастаған. Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.

Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.

Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу тағайындалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялар нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталған.

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949874-smaiylov-toqaevtyn-tapsyrmalaryn-iske-asyru-zoninde-kenes-otkizdi/

pixel