Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

5 медқызметкер зардап шекті: Алматыдағы шерушілер ауруханалар мен емханаларды қиратуда

Опубликовано:

Көрнекі фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматыда жаппай тәртіпсіздік жасаушылардың жақтастары әлеуметтік ғимараттарды қиратуда. Сонымен бірге 5 медқызметкер зардап шеккен, деп хабарлайды Алматы комендатурасының ақпараттық орталығына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша, ашуға булыққан азаматтар тобы мегаполистегі ауруханалар мен емханаларға баса көктеп еніп, медициналық мекемелердің мүлкі мен жабдықтарына зақым келтіруде.

Заңға қайшы әрекеттер нәтижесінде жедел жәрдем қызметінің 5 қызметкері, 2 көлік жүргізушісі және 3 медқызметкер зардап шеккен. Зардап шеккендер қала стационарларына жеткізілген.

Одан бөлек, 2 жедел жәрдем көлігі жарамсыз күйге түскен. Қалалық кардиология орталығы қабылдау бөлімі мен емдеу-диагностика жасау бөлімі ғимараттарының әйнектері шағылған.

"Алмалы ауданындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ғимаратында вандализм деректері тіркелді. Ал Наурызбай ауданында №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне бара жатқан, ішінде науқасы бар жедел жәрдем көлігінің жолы жабылған.

Айта кету керек, деструктивті әрекеттердің жақтастары ішінде науқас балалар бар жедел жәрдем көліктерін тоқтатып, тосқауыл болуда. Бұл әрекеттердің барлығы науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіріп, қалалықтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруде", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1949915-5-medqyzmetker-zardap-sekti-almatydagy-serusiler-auruxanalar-men-emxanalardy-qiratuda/

pixel