RU

Нұрлан Ноғаев Маңғыстаудағы қазіргі ахуал қандай екенін айтты

Нұрлан Ноғаев
Фото: atr.kz

Маңғыстау облысындағы жағдай туралы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев баяндады. Оның сөзінше, қазіргі ахуал тұрақты. Автомобиль, теміржол және әуе қатынастары жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімінің айтуынша, азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмектер мен жанар-жағармайды уақытында жеткізу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отыр.

"Коммуналдық мекемелер мен барлық өндірістік кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Біз екі-үш күн ішінде арандатушылар мен әскери және азаматтық техникаға шабуыл жасау әрекеттері болғанын жоққа шығармаймыз.

Алайда жергілікті халықтың қолдауы мен тұрғындардың түсіністік танытуының арқасында қақтығыстарды болдырмадық.

Осы орайда төзімділік пен парасаттылық танытып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Қазіргі жағдайды қалыпқа келтіру жолында әрі қарай да бірге жұмыс істейміз деп сенемін", - дейді Нұрлан Ноғаев Маңғыстау халқына үндеуінде.

Айта кетерлігі, медициналық мекемелер де қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Өңір басшысы адамдар өзінің күнделікті өмір салтына бірте-бірте оралып, жақындары мен туыстарына көп көңіл бөлуі қажет екенін айтты.

Естеріңізге сала кетсек, 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыған байланысты өңірде коменданттық сағат енгізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950072-nurlan-nogaev-mangystaudagy-qazirgi-axual-qandai-ekenin-aitty/