Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда қалып қойған қазақстандықтар арнайы рейспен қайтарылмақ

Опубликовано:

әуежай19
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстанда орын алған жағдайға байланысты мыңдаған отандасымыз Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойды. Қазақстандықтар елге орала алмай жатыр. Еліміздің бірқатар қалаларындағы әуежайлардың жабық болуы салдарынан рейстер тоқтатылуда.

"Хабар 24" арнасының тілшілері Түркиядан елге қайта алмай жатқан қазақстандықтармен тілдесіп көрді.

"Кеше ұша алмай қалдық. Өйткені Қазақстаннан ұшақ ұшқан жоқ. Сол кезде Ыстамбұлдағы қазақ бауырларымыз келіп көмектесті. Олар бізді әуежайдан алып келіп, орналастырып, тамақтандырып, жататын жер берді. Алыста болса да, жүрегі қазағым деген соққан түркиялық қандастарымыз дер кезінде жұмылып, жолда қалған жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай, арнайы мал сойып, ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етті", - деді Равиль Арыстанбеков.

Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Сондықтан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Жолда кідірген жолаушылардың алдыңғы легі кеше елге аттанды.

Air Astana әуе компаниясы "ҚазАқпарат" агенттігіне бүгін Түркияда қалып қалған қазақстандықтарды арнайы рейспен алып кететіндерін хабарлады.

"Қазіргі уақытта Ыстамбұлда 500-ден астам жолаушы қалып отыр. Бүгін біздің әуекомпания Нұр-Сұлтан-Ыстамбұл рейсін жасайды. Ыстамбұлға ұшып шығу уақыты 19:05, ал қону уақыты шамамен 21:25 деп отырмыз. Ыстанбұлдан кері қайту рейсі 22:25 сағатта, елге келу шамамен 06:10 сағатта. Барлық жерлерде жергілікті уақыт көрсетілген", - дейді әуекомпания баспасөз қызметі.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі отандастарымыз да ұқсас жағдайға тап болған. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

"Қазіргі уақытта БАӘ аумағында 1500 қазақстандық бар. Олар мессенджерлерде арнайы чат ашып алған. Онда отандастарымыз бір-біріне рейстері мен жағдайлары жайлы ақпарат алмасуда. Араб Әмірліктерінде тұратын қазақтар отандастарына тамақпен, тұратын жермен қамтамасыз етіп, ақшалай көмектесіп жатыр.
Алматыға бағытталған барлық рейстер тоқтатылды. Қазақстандық әуекомпанияларымен байланысқа шығу мүмкін емес. Адамдар ақшасыз қалғанын жазуда. Олар әуекомпанияларынан кері байланыс болмағанына қынжылып отыр", - деді жолаушы Диас Амангелді.

Өзге елде қалып қалған Қазақстан азаматтарына жергілікті билік пен қазақстандық елшілік көмектесіп жатыр. Қазіргі таңда БАӘ-нен ұшатын рейс жөнінде әуекомпанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950095-turkiyada-qalyp-qoigan-qazaqstandyqtardy-arnaiy-reispen-qaitarady/

pixel