Қазақстан мен ҰҚШҰ бірлескен мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштер қолбасшылығы бірлескен мәлімдеме жасады. Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған мәлімдеме мәтінінде ұлттық бітімгершілік күштердің Қазақстан аумағында орналасуы аяқталғаны айтылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес ұжымдық бітімгершілік күштер Қазақстан Республикасының аумағында орналасуын аяқтады. Қазіргі уақытта бітімгершілік күштер бөлімшесі маңызды мемлекеттік, әскери және әлеуметтік маңызы бар объектілерді қорғау жөніндегі міндеттерді орындауда. Әскери контингенттерді жедел орналастыру және қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешкені үшін Қазақстан тарапына ризашылығымды білдіремін.
Ресей Әскери-ғарыш күштері әскери-көлік авиациясының ұшақтары Ресей Федерациясының аумағына оралуға ниет білдірген Алматы қаласында демалыста немесе туыстарының жанында жүрген Ресей азаматтарын жіберуді ұйымдастырды. Ұжымдық бітімгершілік күштер бөлімшелерінің міндеттерді орындауы жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғасатын болады", - деді ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қолбасшысы Андрей Сердюков.
ҚР Қорғаныс министрі міндетін атқарушының орынбасары Сұлтан Камалетдинов Қазақстан аумағында терроризмге қарсы күрес шаралары жалғасып жатқанын және олар лаңкестер толық жойылғанша жүзеге асырылатынын мәлім етті.
"Қазақстан Республикасының аумағында жағдай тұрақталуда және билік органдарының бақылауында. ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерінің қолбасшылығына және жеке құрамына Қазақстан халқына көрсеткен бауырластық көмектері үшін алғыс айтқым келеді. Бітімгерлердің анағұрлым маңызды объектілерді күзетке алуы, құқық қорғау органдары мен қарулы күштердің террористерге қарсы күреске жіберілген күштері мен құралдарының едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында террорға қарсы операция жалғасуда. Ол террористерді толық жойғанға дейін жүргізілетін болады", - деді Сұлтан Камалетдинов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950177-qazaqstan-men-uqsu-birlesken-malimdeme-zasady/