RU

"Отаны үшін жанын қиды": Тергеу изоляторының мерт болған қызметкерін ақтық сапарға шығарып салды

Похороны в Талдыкоргане
Фото: КУИС МВД РК

9 қаңтарда Талдықорғанда тергеу изоляторына қарулы шабуыл кезінде қаза тапқан Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері, әділет прапорщигі Ербол Ержановты ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы ІІМ ҚАЖД ресми Telegram арнасы хабарлады.

Қайғылы оқиға 7 қаңтарда болған еді. Қарулы топ сол уақытта Талдықорған қаласындағы ЛА-155/16 мекемесінің (тергеу изоляторы) аумағының сыртында жүрген офицерлерге оқ жаудырған.

Шабуыл салдарынан басына және аяғына оқ тиіп, жарақат алған әділет прапорщигі Ержанов Ербол Тілеубекұлы қайтыс болды.

"Менің ұлым тергеу изоляторында 22 жыл жұмыс істеді. 6 қаңтарда зейнетке шығуы тиіс еді. Алайда ол күнге жетпеді. Отанымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығы үшін жанын қиды. Сіздерден өтінерім, бірге болыңыздар, террористер бізді пайдаланды. Арандатушылыққа еріп кетпеңіздер", - деді марқұмның әкесі қазақстандықтарға.

Ербол Ержановтың артында әкесі, әйелі және екі баласы қалды.

Марқұмның ұлы Әскери институттың курсанты. Ол елдегі жағдайға байланысты білім ошағында болғандықтан әкесінің жерлеуіне келе алмады.

Еске сала кетейік, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 6-7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында полиция тергеу изоляторларына қарулы шабуыл әрекеттерінің бірқатарын тоқтатқанын мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950222-otany-usin-zanyn-qidy-tergeu-izolyatorynyn-mert-bolgan-qyzmetkerin-aqtyq-saparga-sygaryp-saldy/