Облыс әкімі террористік актіден жарақаттанған сарбаздардың жағдайын білді

Опубликовано:

Қызылорда облысы. Аурухана
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала нысандарын аралау барысында облыстық медициналық орталыққа барып, онда ем алып жатқан террористік шабуылдан жарақат алған сарбаздардың жағдайын білді және медицина саласының қызметкерлерімен пікірлесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы ауруханада ем алып жатқан 5 полиция және әскери қызметшінің жағдайын сұрады.

"Қадірлі сарбаздар, сіздер мемлекетімізді сақтап қалуда табанды еңбек етіп, анттарыңызға берік, Отанға деген адал қызмет атқарудың жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Сындарлы сәтте ұлт мүддесін қорғап, аса батылдықпен, жанкештілікпен тұрғындардың қауіпсіздігін қорғап қалу – ерлік пен азаматтықтың айқын дәлелі. Жауынгерлеріміз соғыс кезінде де, бейбіт заманында да азаматтық парызын аса жауапкершілікпен атқарып жүргеніне тағы да көзіміз жетті. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Тезірек сауығып, қызметке оралуларыңызды тілеймін. Осындай ержүрек ұл тәрбиелеген ата-аналарыңызға да рахмет, оларға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова ақ халаттылардың төтенше жағдайдағы еңбегін жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

"Құрметті медицина қызметкерлері, жанашыр жандар! Сіздер төтенше жағдай кезінде табандарыңыздан тік тұрып, қызметтеріңізге адалдық таныттыңыздар. Дәл қазіргі сәтте елдің тұтастығы үшін бірлесіп әрекет етіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдеріне қолдау білдіруге шақырамын! Төтенше жағдай режимі талаптарын ұстанып, қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды. Елдің бірлігін сақтай отырып, мемлекет мүддесіне қызмет етейік!", - деді облыс әкімі.

Қызылорда облысы. Аурухана
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айта кетейік, 5 қаңтардан осы кезге дейін облыстық көпбейінді ауруханада 204 тұрғын медициналық көмекке жүгінсе 48 науқас ем алуда, 9 науқас жансақтау бөліміне жатқызылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950641-oblys-akimi-terroristik-aktiden-zaraqattangan-sarbazdardyn-zagdaiyn-bildi/

jitsu gif