Қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді: Еліміздің өңірлерінде бір топ ер адам ұсталды

Опубликовано:

оқ
Көрнекі фото: pixabay.com

ІІМ жедел штабы 12 қаңтарда жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесі туралы ақпаратты бөлісті. Оған сәйкес, өңірлер бойынша бір топ ер адам ұсталып, қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Полицейлер, Ұлттық ұлан және арнайы мақсаттағы бөлімше әскерилерінің қатысуымен Алматы облысында күдіктілер ұсталып, олардан 3 винтовкалы карабин, тәртіпсіздік кезінде қолды болған 11 Макаров тапаншасы, патрондар мен оқжатарлар, 5,45 калибрлі АК-47 тәркіленген. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Шығыс Қазақстанда ТЖ тәртібін бұзғаны үшін Mercedes-Benz автокөлігі тоқтатылды, көліктен резиналық дубинка мен шулы граната табылған. Бұл қарулар шерушілердің қолына қала әкімдігіне шабуыл кезінде түскен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Жамбыл облысында ұсталған азаматтан аңшылық дүкенінен ұрланған 5 мылтық, түрлі калибрлі 110 патрон, автомат пен тапаншаның 3 оқажатары тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Таразда Калашников автоматы мен ТОЗ-18 винтовкасы тәркіленген азамат қолға түсті. Сондай-ақ "Sulpak" сауда үйінің маңынан қорапта жатқан сақтандырғышы жоқ 4 шулы граната табылған. Тексеріс жүргізілуде.

Қызылорда облысында ер адам ұсталып, одан полиция ғимаратына шабуыл кезінде ұрланған Форт-500 помптық қаруы тәркіленді. Сотқа дейінгі тексеріс жүріп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен 288 адам ұсталып, 34 қару, 43 оқ-дәрі тәркіленгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950751-qaru-zaraq-pen-oq-dari-tarkilendi-elimizdin-onirlerinde-bir-top-er-adam-ustaldy/