Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығын тонады деп күдікке ілінгендер ұсталды

Опубликовано:

Шымкент
Фото: Polisia.kz

Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығын тонады деп күдікке ілінгендер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның мәліметінше, 5 қаңтар күні түнде Шымкент қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық бұзушылар "Метро" сауда орталығының есік-терезелерін сындырып, ғимаратқа заңсыз кіріп, түрлі заттар ұрланған.

Аталған жайт Шымкент қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына жазылып қалған.

Бұл фактіні Қаратау ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") бойынша тіркеген.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Нұрсат-3 шағынауданында орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінен оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстаған.

Олар 20 және 21 жастағы Түркістан облысының тұрғындары болып шыққан.

Қолға түскендерден айғақты зат ретінде сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленген.

Аталған азаматтарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Сонымен қатар, әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел шаралар барысында сауда орталығының заттарын ұрлады деген күдікпен 27 жастағы тағы бір азаматты ұстаған.

Полицияның мәліметінше, күдікті ұрланған заттарды өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесінде жасырған.

Бұдан бөлек, бөлмеден ерекше иісі бар зат пен ішінде сары сұйықтығы бар кесілген пластикалық бөтелке және кастет табылған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950784-symkentte-zappai-tartipsizdik-kezinde-sauda-ortalygyn-tonady-degen-kudikke-ilingender-ustaldy/

pixel