Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айтарға сөзіміз жоқ": Алматылық кәсіпкерлер жаппай тәртіпсіздік кезінде қираған нысандарын көрсетті

Жарияланған күні:

Фото
Қираған мейрамхананың бірі. Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Бүлікшілердің кесірінен алматылық кәсіпкерлер шамамен 102 млрд теңгеден астам шығынға батқан. Қалада 1700-ден астам шағын және орта бизнес нысаны қираған. Бірақ бұл әлі нақты есеп емес. Залал көлемін есептеу әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, бүлікшілер дүкен, мейрамхана, дәмхананың барлығын қиратқан. Бір ғана мейрамхананың өзіне 200 миллион теңгеден астам шығын келген көрінеді.

"Бағалы заттарды алып кеткен. Сындырған, қиратқан, оқ жаудырған. Онысымен қоймай от қойып кеткен. Айтарға сөзіміз жоқ. 40-қа жуық бейнекамераны құртқан. Қайта қалпына келтіру үшін кемінде 200 миллион теңге керек", - дейді кәсіпкер Елизавета Журкина.

Ал кәсіпкер Алтай Әмреевтің нысанына шабуылшылар кіре алмапты. Брондалған есікті бұзуға әрекет жасап, терезелерін сындырған.

"Барлығын сындырып, шағып, қиратқан. Енді сынғанын, анау-мынауын жөндеуімізге тура келіп тұр", - дейді ол.

Жалпы бизнеске 103,4 миллиард теңге шығын келген. Оның ішінде бір Алматыда ғана 102,2 миллиард теңгенің тауары тоналып, 1506 бизнес нысаны қираған. 

Фото
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Осы ретте "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлік палатасы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін жеткізді.

"Қазіргі таңда үкімет пен кәсіпкерлер палатасы алгоритм дайындау үстінде. Соның аясында шығын келген объектілерге мемлекет тарапынан бизнес қауымдастығы атынан қолдау көрсетілетін болатын қаржылай түрде", - дейді "Атамекен" ҰКП Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының директоры Сәбен Тынышқали.

Ал кейбір кәсіпкерлер өз бетінше мамандардың көмегіне жүгініп жатқан көрінеді. Заңгер Ғабит Өмірбековке 10-нан астам заңды және жеке тұлғалардан қоңырау түсіпті.   

"Заңды тұлғаның бизнесі зардап шеккен болса, бүкіл құжаттарды дайындау керек. Қандай материалдық шығын келгенін өзі АКТ толтыру керек. Сол АКТ-ге жазып көрсету керек. Полиция қызметкеріне қоңырау шалу керек. Келіп қылмыстық істі қозғау керек. Әр ұрланған зат бойынша саусақтың іздерін тәркілеу керек, бейнежазбаны тәркілеу керек", - дейді заңгер.

Бүгінде Алматыдағы қайғылы жағдайдан кейін қаланың тыныс-тіршілігі қалпына келе бастады. Мәселен, барлық автобустар іске қосылып, 52 сауда базары, 8 сауда орталығы ашылған.  127 жанар-жағармай құю станциясы жұмысын бастаған.

Материал авторы: Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950866-aitarga-sozimiz-zoq-almatylyq-kasipkerler-zappai-taripsizdik-kezinde-kul-talqany-syqqan-nysandaryn-korsetti/