Елімізде із-түзсіз жоғалған жақындарын іздеген 2000-нан астам адамнан қоңырау түскен
Жарияланған күні:
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 1414 байланыс орталығына аз уақыт ішінде келіп түскен қоңыраулар туралы мәлімдеді. Орталыққа азық-түлікке өтінім берушілер, еріктілер қатарына қосылуға ниет білдіргендермен қатар жоғалған жақындарын іздегендер хабарласқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, аз уақыт ішінде орталық қызметкерлері 100 мың қоңырау қабылдаған. Айта кету керек, оның ішінде 2000-нан астамы - із-түссіз жоғалған жақындарын іздеп хабарласқандар.
"Біздің 1414 байланыс орталығы әлі де қоңыраулар қабылдап, қасіретті күндері із-түссіз жоғалып кеткендерді іздеуге көмектесуде және психологиялық қолдау жасауда. Азғантай уақыттың ішінде әріптестеріміз 100 мың қоңырау қабылдады: көбіне азық-түлікке өтінім беруде, еріктілер қатарына қосылуға ниет білдіріп жатыр, бірақ соның ішінде екі мыңнан астамы - із-түссіз жоғалған жақындарын іздеп хабарласқандар.Байланыс орталығына түскен барлық деректер құқыққорғаушы органдар мен бас прокуратураға жолданады", - деп жазды Бағдат Мусин желідегі парақшасында.
Еске сала кетсек, еліміздің Бас прокуратурасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп stopterrorism.kz веб-сайтын іске қосты.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұл сайтта азаматтар жуырда болған террорлық актілер мен жаппай тәртіпсіздіктер туралы бейне, фото және аудиожазбаларды жасырын түрде жүктей алады. Одан бөлек, ведомство қазіргі уақытта прокурорлар дәлелдемелерді жинау мен тіркеуді, сондай-ақ қылмыскерлерді бейнежазбалар бойынша сәйкестендіруді жүргізіп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1950986-elimizde-iz-tuzsiz-zogalgan-zaqyndaryn-izdegen-2000-nan-astam-adamnan-qonyrau-tusken/