Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"13 көлік тоқтаттық": Әлем чемпионатының жүлдегері Хорлан Жақанша бауырымен бірге тонаушыларды ұстаған

Опубликовано:

Хорлан Жақанша, балуан
Хорлан Жақанша, балуан: uww.org

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде спортшылар да қарап қалған жоқ. Еліміздегі көптеген атлеттер тонаушыларды тоқтатып, блок-бекеттерде кезекшілік етіп, қан тапсырып, полиция қызметкерлеріне көмектесуде, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Солардың бірі - әлем чемпионатының күміс жүлдегері, балуан Хорлан Жақанша. Ол бауыры Бағланмен бірге Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесіп, ірі дүкендерден зат ұрлап келе жатқан бірнеше адамды анықтаған.

"Бұл жағдай бәрімізге оңай болған жоқ. Тәртіпсіздік жалғасып жатты. Қарап отыруға болмайтынын түсіндік. Осылайша, ауылдағы жастарды жинадық. Шамамен 250 адамның басын қосып, өз көлігімізбен ауылдың шетіне блок-бекет орнаттық. Күдік тудыратын, номерсіз жүрген көліктерді тоқтатып, тексеріп, ішінен табылған бағалы заттарды ішкі істер органы қызметкерлеріне тапсырдық. Шамамен, 13 көлікті ұстадық. Жалпы есебі 20-25 адамды ұстадық деп айта аламын. Яғни, тонаушылықпен айналысып, бағалы дүниелерді қолды қылған күдіктілерді анықтадық", - дейді Хорлан.

Olympic.kz сайтының хабарлауынша, тәртіпсіздік кезінде тәртіп орнатуға көмектескендер қатарында балуандар Нұрбақыт Теңізбаев пен Алмат Кебіспаев және каратэші Дархан Асаділов болған.

"Азаматтық парызымыз бар, отансүйгіштігіміз бар, ел басында күн туғанда үйде тыныш отыра алмадық. Мен отбасыммен Алматыдағы Төле би көшесінің бойында тұрамын. Жаппай тәртіпсіздіктер дәл осы көшеде де болды.

Ереуілге шыққандардың бәрі үйіміздің қасынан өтті. Бұл аймақта ірі электроника дүкендері орналасқан еді. Бүлікшілер дүкендерді өртеп, тонап, ішіндегі бағалы заттарды ұрлап жатты. Біз өзіміз тұратын үйдегі тұрғындармен бірігіп, бүлікшілерге барынша тойтарыс беруге тырыстық.

Үйімізді қорғадық. Үш нысанды өртеп кеткен еді, сондағы өртті сөндіруге көмектестік. Қасымызда өрт сөндіруден қорықпай, батылдық танытқандар көп болды.

Дүкендерді тонау деген өз үйіңді тонаумен бірдей дүние ғой. Тонаушыларды ұстап алып, сабырға шақырып, ақылымызды айттық. Сөзге тоқтағандар да болды, құлақ аспай, кетіп қалғандар да кездесті.

Еліміздің әр аймағында тонаушыларды тоқтатып, заттарын қайтарып, мешіттерге, құқық қорғау орындарына тапсырған жастар көп болды.

Осындай адамгершілікті ұмытпаған жандардың кездескені қуантады. Бұл біздің ортақ үйіміз, ортақ еліміз. Мемлекетіміздің тамырына балта шаппауымыз керек. Әр адам осыны ұмытпау керек", - дейді Алмат Қазақстан ҰОК берген сұхбатында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1951065-13-kolikti-toqtattyq-alem-cempionatynyn-zuldegeri-xorlan-zaqansa-bauyrymen-birge-maroderlerdi-ustap-aldy/

pixel