"Азаматтық борышымыз": Атыраулық кәсіпкер Алматы ауруханасына жедел жәрдем көлігін тарту етті

Опубликовано:

жаңа жедел жәрдем көлігі
Фото: almaty.tv

Лаңкестер өртеген техникалардың шығынын мемлекет бюджетіне артпау керек. Бұл - отандық кей кәсіпкерлердің ойы. Миллиардтаған шығынды халық қазынасынан өтеу мемлекет жоспарлаған әлеуметтік жобалардың уақытылы жүзеге асуына кедергі келтіреді. Сондықтан, бүлінген дүниенің орнын толтыруға мүмкіндігі бар азаматтар қол ұшын беру керек деп санайды. Осындай пікірдегі атыраулық кәсіпкер Алматының Орталық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем көліктерін сыйлады деп хабарлайды "Алматы" арнасы.

"Барыс жылы біздің еліміз үшін өте қайғылы күндермен басталып жатыр. Оның үстіне коронавирус қатты таралып жатыр. Осыны ескеріп президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысын қабыл алып, қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігін тарту етіп жатырмын.

Еліміз кешегі оқиғадан соң қатты шығынға батты. Полиция, өрт сөндіру, оның ішінде аурханалардың да отыздан аса көлігі отқа оранып немесе қираған. Оның сыртында қаншама әкімдіктің ғимараттары, бизнес нысандары қирады. Оның бәрін бюджетке салмақ қылып түсірсек ауыр тиеді.

Мектеп, балабақша, аурухана салу сынды әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Осы елде кәсіп қылдық, азды-көпті табыс таптық, өмір сүрдік. Енді осындай қиын кезде бір жағынан шығысып, көмек көрсету азаматтық борышымыз деп өзге де әріптестерімді осы іске шақырамын", -деді кәсіпкер Әділ Жұбанов.
атыраулық кәсіпкер жедел жәрдем көлігін сыйлады
Фото: almaty.tv

Ресми мәліметтерге сүйенсек, лаңкестер Алматыда 140 көлікті қиратқан. Елуге жуық көлік өртенсе, тағы осыншалықты арнайы техникаларға оқ атылған.

Бұзақылар 32 жедел жәрдем көлігін қиратқан. Оның ішінде төрт машина мүлдем жарамсыз. Жедел жәрдем көлігінің бір данасы кемінде 20 миллион теңге тұрады.

Кезекшілік кезінде бір көлік тәулігіне оншақты рет науқастарды тасуға жолға шығады екен. Шығын көлемі әлі анықталған жоқ. Кәсіпкердің ауруханаға сыйға тартқан су жаңа жедел жәрдем көлігі қажетті медициналық құралдармен толықтай жабдықталған.

"Бұл жедел медициналық көмек көрсету машинасын біз ауыр жағдайдағы науқастарды басқа қаладан немесе өзге ауруханаларға, емдеу мекемелеріне тасымалдауға қолданамыз. Амбулаторлық гемодиализ қабылдайтын науқастарға да қолданамыз. Клиникаға күніне 250-300 адам медициналық көмекке жүгінеді. Шамамен олардың 50 шақтысы ауруханаға жатқызамыз", - деді Орталық қалалық клиникалық аурханасы директорының орынбасары Гүлбану Қонаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951191-atyraulyq-kasipker-almaty-auruxanasyna-zedel-zardem-koligin-tartu-etti/