RU

"Олар қантөгіске мақсатты түрде барды": Алматы полициясы ПД ғимаратына жасалған шабуыл туралы айтты

Алматы ПД маңы
Алматы ПД маңы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы полиция департаментінің өкілдері жаппай тәртіпсіздік кезінде мегаполистегі әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Алматы гарнизонының жеке құрамын дабыл бойынша 4 қаңтарда күннің екінші жартысында көтерді. Осы кезде алғашқы толқулар басталып, олар 5 қаңтар күні де жалғасты. Толқулар "Алматы Аренаның" алдындағы алаңда бастау алған еді.

Бұл бейбіт шеру емес еді, себебі сол кезде-ақ жаппай тәртіпсіздік әрекеттері орын алған-ды. Бұл адамдар тобы жолындағының барлығын қиратып, тіпті ішкі істер органдары өкілдеріне дене жарақаттарын салып, қызметтік көлігіне зақым келтірген.

Одан соң топ Алматы қаласының орталық магистралдарымен Республика алаңына қарай жылжып, ол жақта да тәртіпсіздіктер жалғасқан. Олар құқық қорғау органдары күштеріне үлкен қарсылық танытты", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Аудандық полиция бөлімшелерінің барлығына, оның ішінде Алматы полиция департаментіне де шабуыл жасалмақ деген ақпарат келіп түскен сәттен бастап, "Қамал" жоспары жарияланған. Яғни, бұл - әкімшілік ғимараттарды қорғау туралы бұйрық. Бұған себеп, қару-жарақтың көп бөлігі полицияда сақталады.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, қылмыскерлердің басты мақсаты осы қару-жарақты иемдену болуы әбден мүмкін. Полиция департаментіне шабуыл кешкі сағат 18:00-18:30-да жасала бастаған. Ведомство орналасқан көшелер аралығында үш әкімшілік ғимарат бар.

"Полицияның барлық күші Республика алаңы мен "Алматы Аренадағы" тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталғандықтан, бұл үш ғимаратты жеке құрамның шамамен 100-дей қызметкері қорғап тұрды. Негізгі ұрыс кешкі 8-де басталды. Негізгі салмақ Масанчи кшесінде орналасқан ғимараттағы қызметкерлерге, яғни жедел блок, тергеушілер мен анықтаушыларға түсті.

Қылмыскерлер таңғы сағат 5-ке дейін, түні бойы, 27 мәрте шабуыл жасады, бұл дегеніңіз, ғимаратқа кіріп, қару-жарақты иемдену үшін 27 мәрте әрекет жасалды деген сөз. Қуанышқа қарай, оларға тойтарыс берілді, бірақ бұл кәдімгі ұрыс болды. Олардың ешқандай талабы болған жоқ, олар қантөгіске (өлтіруге) мақсатты түрде барып отыр.

Ғимаратқа қарама-қарсы орналасқан үйдің тұрғындарына қатты алаңдадық. Сондағы медициналық орталыққа айтарлықтай зиян келді. Оның кіреберісінде шабуылшылар жасырынып, атысты. Олар әскери қару-жарақты қолданды, ал көпқабатты үйдің шатырында мергендер болды, нәтижесінде олардың көзі жойылды.

Сағат таңғы 5-ке таман барлығы тынышталды, ол уақытта 20-дан астам террористің көзі жойылды. Ал жарақат алғандарын шабуылшылар өздерімен бірге алып кетті", - дейді Салтанат Әзірбек.

Алматы ПД маңы
Алматы ПД маңы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Оның сөзінше, шабуыл жасағандардың жалпы саны шамамен 1000 адамға жуық. Ал департаментке олар бірнеше тұстан жақындамақ болыпты. Никольский базары жақтан, шіркеу жақ тұстан және Масанчи-Қарасай батыр көшелерінің қиылысы жағынан. Ғимараттар қорғауға алынды. Бірнеше орыннан, оның ішінде ғимараттардың сыртынан қорғалды.

Шабуылдарға тойтарыс беру бойынша арнайы операциялардың барлығына департамент басшысының өзі басшылық еткен. Полициядағылардың айтуынша, бұл жас қызметкерлерге рух пен жігер берген.

"Біз ғимаратты беруге болмайтынын білдік. Егер олар қару-жараққа қол жеткізсе, онда қаланың бәрін басып алатынын, оның салдары ауыр болатынын түсіндік. Өте жақсы дайындалған топтың мақсатты әрекеті. Шабуыл жоспары қағаз түрінде жоспарланған болуы мүмкін, себебі олардың күштері нақты шоғырланды.

Периметр бойынша орналасқан бейнебақылау камераларын істен шығаруға ғана жауап беретін адамдары болды. Аталған шабуыл қатысушыларына қару-жарақ тасымалдаған негізгі топ болды. Дәл осы уақытта осындай шабуыл аудандық полиция бөлімшелеріне де жасалып жатты. Алмалы аудандық полиция басқармасын қорғау кезінде екі қызметкер қаза тапты, Көк-Төбе мұнарасын қорғау кезінде тағы бір қызметкер көз жұмды", - деп хабарлады ведомтство баспасөз хатшысы.

Алматы ПД маңы
Алматы ПД маңы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Әзірбектің айтуынша, шабуыл жасағандардың кім екенін айту ерте. Қазіргі таңда ведомствоаралық тергеу тобы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, дейді ол.

"Қарапайым ел тұрғыны мұндайға бармайтыны анық және шабуылды жүргізу тактикасынан жақсы ұйымдасқан топтың әрекетін аңғаруға болады. ПД шабуылы кезінде бейбіт тұрғындар арасынан қаза тапқандар жоқ", - дейді Салтанат Әзірбек.

Сонымен бірге, ол шабуылдаушылар ПД кіреберісіндегі топты таранмен алу үшін ауыр техниканы қолданғанын да мәлім етті. Салтанат Әзірбек қалада әлі де контртеррорлық операция жалғасып жатқанын еске салды.

Оның мәліметінше, тұтас алғанда Алматы бойынша тәркіленген қару саны 2000-нан асып артылады. Бұл ретте қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қару саны көп. Негізінен, олар аңшылық қару мен автоматтар.

"Із-түзсіз жоғалғандар саны да көп. Бұл адамдар жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар немесе оқиғаға эпицентріне тап болғандар болуы мүмкін. 4 қаңтармен 13 қаңтар аралығында тұрғындар жоғалып кеткен 22 адамға іздеу салып, хабарласты. Олардың 15-і табылып, тағы жетеуінің қайда екені анықталуда", - деп сөзін қорытындылады Әзірбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951196-olar-qantogiske-maqsatty-turde-bardy-almaty-policiyasy-pd-gimaratyna-zasalgan-sabuyl-turaly-aitty/