Алматы облысындағы шекара қызметі департаментінің ғимаратын 500 адам басып алмақ болған
Опубликовано:
5 қаңтарда шоқпар, дыбыстық граната және арматурамен қаруланған 500-ге жуық адам Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын басып алмақ болған. Алайда жауынгерлер нысанды қорғап қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Периметр бойымен орналасқан бейне камераларды істен шығарған шабуылшылар ғимарат ішіндегі қаруға қол жеткізуді көздеген.
"Департаменттің нысандарын қорғауға қалған шекарашылар жеке құрамның күшімен шабуылшыларды ығыстыра алды", - деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
5 қаңтар күні сағат түскі екі шамасында шабуылшылар көрші орналасқан Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының ғимаратын басып алып, оны өртеп жіберген.
Өрт сөндіру машиналары жеткенше шекарашылар қызыл жалынды өз күштерімен ауыздықтауға кірісіп кеткен. Осылайша, прокуратураның 57 қызметкерін, қорғаныс министрлігінің 2 курсантын шекара қызметі департаментінің аумағына эвакуациялады.
"Дәл осылайша, шекарашылар қылмыскерлердің 7 өрт сөндірушіні тұтқынға алу әрекетіне жол бермей, оларды шекара қызметі департаментінің аумағында жасырды", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951277-almaty-oblysyndagy-sekara-qyzmeti-departamentinin-gimaratyn-500-adam-basyp-almaq-bolgan/