"Ата-бабаның аруағы сақтады": Оңдасын Оразалин әкімдіктегі кабинетінің қалай бүтін қалғанын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі жаппай тәртіпсіздік кезінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс кабинеті еш бүлінбеген. Қаладағы оқиғаларға қатысты брифинг өткізген әкім кабинетінің бүлікшілерден қалай аман қалғанын айтты деп хабарлайды КТК арнасы.
"Біріншіден, менің ойымша, құдай сақтады ма, ата-бабаның әруағы ма, иә, іштей білетін адамдар сескенді ме... Бірақ табалдырығынан аттаған жоқ. Әкімнің кабинеті қандай да бір жаратушының арқасында аман қалды. Қанша дегенмен, билік киелі дүние ғой", - деді Оразалин.
Митинг басталғалы жұрт көзіне көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин екі сағаттық баспасөз мәслихатын берді. Бүлінбеген кабинетінен бөлек, көтерілістің қантөгіссіз аяқталғанына шүкір етіп отыр. Осы уақытқа дейін қаладан тыс шықпай, жұмыс орнында тапжылмай отырғанын айтады.
Аймақта жарияланған төтенше жағдайды тоқтату үшін мемлекет басшысына өтініш жолдаған. Енді бірер күнде облыс әкімдігі ғимаратындағы қоршау алынып, қазына ақшасына қайта жөнделеді. Ал митинг кезінде наразы топпен кездесуге құлқы болмаған.
Есесіне Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровты шеруге шыққандармен жүздесуге жұмсадым деп отыр.
"Мен үш жылдан бері, осы жерге келгеннен бері, өздерің көрген шығарсыңдар, бірде-бір осындай заңсыз әрекетке барып, шыққан да жоқпын. Түсініктеме берген де жоқпын. Бұл менің ұстанған қағидатым дедім ғой. Мына заңсыз әрекетке жиналған, заңсыз талап қойғандармен бәрі де заңға қайшы келу, талаптары - мемлекеттік құлату. Сонда мен сол жерге шығып уәде беруім керек пе?", - деді әкім.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951376-ata-babanyn-aruagy-saqtady-ondasyn-orazalin-akimdiktegi-kabinetinin-qalai-butin-qalganyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.