Павлодарда өзін ҰҚК қызметкері деп таныстырғандар ер адамды ұрлап кетті

Опубликовано:

Қолынан кісен салынған ер адам
Көрнекі фото: piqsels.com

Павлодарда көшеде кетіп бара жатқан ер адамға тапаншамен шабуыл жасап, ұрлап кеткен екі күдікті сотталды. Жігіттер зардап шегушіні көлікке итеріп, өздерін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырып, тінту жүргізген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар қалалық №2 сотының үкіміне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сүйенсек, екі жас жігіт 2020 жылдың желтоқсан айында Павлодарда көлікпен келе жатып, жолаушыға шабуыл жасауға бекінген.

Нәтижесінде олардың бірі алғаш кездескен адамға тапаншадан оқ атқан. Содан кейін жерге құлатып, ұра бастаған. Оның қолына кісен салып, көлікке мінгізген.

"Айыпталушылар өздерін ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырып, есірткі саламыз деп қорқытып, жәбірленушіні тінтіп, банк картасын тауып алып, банкоматтан 320 000 теңгені алып кеткен", - деп хабарлады Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Жәбірленуші өзіне күш қолданғандарды бас бостандығынан айырмауды өтінген. Мұны ол өзіне келтірілген шығынның өтелгенімен түсіндіреді

Айыпталушылар кінәсін ішінара мойындады. Сот үкімімен адам ұрлағаны, билік өкілінің шенін өз бетінше имеденгені және қарақшылық жасағаны үшін жігіттердің біріне 7,5 жылға, екіншісіне 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951541-pavlodarda-ozin-uqk-qyzmetkeri-dep-tanystyrgandar-er-adamdy-urlap-ketti/