Елдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 600-ден астам адам қамаудан босатылды

Опубликовано:

Алматыдағы тәртіпсіздік
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин ОКҚ-да өткен брифингте елдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға қандай шара қолданылып жатқанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Азамат Сарғазин мемлекет башысы Бас прокуратураға түрлі құқықбұзушылықтар үшін ұсталған тұлғалардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазасын жеңілдетуді тапсырғанын еске салды.

"Бұл оқиғаларға қатысты сот барлығы 8 354 әкімшілік істі қарады. Сот пен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен кінәлілердің өкінуін ескереді. 3 337 құқықбұзушыға қамауға алу немесе айыппұл салу түріндегі жаза қолданылмай, тек ескерту берілді. Қазір 1 002 тұлға қамауда отыр. Сот тағайындаған жазаларды жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сатыдағы сот инстанцияларына 1758 өтініш берген.

Бүгінгі таңда 676 азамат прокурорлардың өтініші бойынша қамаудан босатылды. 344 адамға салынған айыппұл ескертуге ауыстырылды. Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған 738 өтініші қаралуда", - дейді спикер.

Одан бөлек, Сарғазиннің дерегінше, тағы 358 әкімшілік іс материалдары сотқа жолданбай тоқтатылған.

"Жоғарыда келтірілген деректерден көріп отырғанымыздай, соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынғандардың көпшілігі босатылды", - дейді Азамат Сарғазин.

Сонымен қатар, ол ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын, оның ішінде терроризм актісі бойынша 44, кісі өлтіру бойынша 15, үгіт-насихат және билікті басып алуға шақыру фактілері бойынша 6 іс қозғалғанын айтты.

"780 күдікті тұлға ұсталды, оның 695-і сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл істер ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататынын тағы да атап өткім келеді. Осы істердің барлығында прокурорлар азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді, негізгі істерге қатысты барлық тұлғаларға, оның ішінде барлық қамауға алынғандарға уақтылы заңгерлік көмек көрсетіледі", - дейді Бас прокурордың аға көмекшісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951710-eldegi-zappai-tartipsizdikke-qatysqan-600-den-astam-adam-qamaudan-bosatyldy/

jitsu gif